Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

67 млн теңгеге жөндеу көрген ескерткіштің қабырғалары жарылып жатыр

AstanaTV
05.09.2019ж. 20:00
3345
67 млн теңгеге жөндеу көрген ескерткіштің қабырғалары жарылып жатыр

Ақтауда қыруар ақшаға жөндеу көрген ескерткіш сыр берді. Осыдан 30 жыл бұрын ашылған монумент 67 млн теңгеге қайта жаңғыртылған. Арада небары үш ай өтпестен ескерткіштің қабырғалары қақырап, жарылып жатыр. Ал тұрғындар сапасыз құрылысқа жұмсалған миллиондар қайда кетті деп наразы. Тілшіміз толықтырады. 

Алтай Мекебаев бюджеттен қыруар ақша бөлініп, жұмысты сапасыз атқарған жауаптыларға наразы. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында ашылған ескерткіш осымен үшінші рет жөндеу көріпті. Бірақ жаңарған монументтің бес қабырғасы түгелдей жарылып кеткен.  

Алтай МЕКЕБАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

Бұл небары 3 айдың ішіндегі көрініс. 1 жылдан кейін не болатынын елестету де қиын. Бұл не құрылыс компаниясының салғырттығы, не жөндеуді арзан материалдардан жасаған.

Қала тұрғындары сапасыз құрылыстан бөлек, миллиондарды желге ұшырған атқамінерлер жұмысына наразы.   

- Конечно, жалко, что такие деньги уходят на ремонт. А что, представители вот этой высшей власти не видят, не могут посмотреть, куда это все уходит, куда эти деньги ушли. Почему трещины? 

- Я думаю, когда делают памятные, особенно памятники, то здесь закладывается совесть и святое и это сделано спустя рукава. Без совести и без святого…  

Дәл осы ескерткішке қатысты мұндай жағдай 2015 жылы да орын алған. Кешенді жөндеу жүргіздік деген әкімдік қабырғаларды қыш тақтайшамен көмкереді. Алайда, екі ай өтпей жатып, плиталары тағы түсіп қалыпты. Ал биылғы құрылысты жүргізген мердігерлер мәселеге жауап қатудан ат тонын ала қашты. Бірақ, компания жергілікті басылымға берген жауабында құрылыста қателік кеткен дейді.   

Муханбет ЯНТУДИН, «МТС-АКТАУ» ЖШС МЕРДІГЕР КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:  

Травертин өзінен-өзі шытынап кетпейді. Бұл материал кез-келген ауа райына төзімді. Егер үй шөгіп, қабырғалары жарылып жатса, қанша жөндеу жүргізсе де, бұл қайталана береді. Бұл жерде де мәселе осындай. Ескерткішті салу кезінде қателік кеткенін біз білмедік. Тапсырыс беруші бізге дайын сметаны берді. Біз сол бойынша жөндеу жүргіздік.

Аталаған мәселеге жергілікті билік алаңдамайтын сыңайлы. Тек сапасыз құрылыстың себебін арнайы комиссия анықтайтынын айтады.  

Қайрат АҚЫБАЕВ, АҚТАУ қ. ӘКІМДІГІ ТҰРҒЫН-ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:  

Егер бастапқы құрылыста қандай да бір қателік кетсе, ескерткіш бұрыннан-ақ құлап қалар еді. Нысанның қаз-қалпы тұрғанына 30 жыл болды. Жарықтар сылақтың қалыңдығы 2 см артық болғандықтан пайда болуы мүмкін.

Жауаптылар жағдайды бір-біріне сілтеп бақты. Ал келер жылы тойланатын Жеңістің 75 жылдығына монумент жөнделіп бітер-бітпесі әзірге белгісіз.  

А. Бектас