Алматы барахолкасының маңында тағы да өрт шықты. Бұл жолы от металл пластикалық бұрымдар сақталатын көтерме сауда қоймаларында тұтанған. Өрттің күштілігі сонша, қара түтін ондаған метр биіктікке көтерілген. Жалынды сөндіру үшін екі тікұшақ қолданылды. Алайда мамандар өртті 5 сағаттан соң ғана сөндіре алды. Төтенше оқиға орнында біздің түсіру тобымыз барып қайтты.
Кәсіпкер Жансая Орынбасарова жұмыс қыза бастаған кезде қоймасына тауар қабылдауға келеді. Кенет көрші контейнерлердегі отты байқаған. Жүгін түсіру үшін ол жақын маңнан басқа орын жалдап, тауарын сол жерге тасуға мәжбүр болған.
Жансая ОРЫНБАСАРОВА, ТҰРҒЫН:
Күніге осында жұмыс жасаймыз. Өрттің болып жатқанын көріп, газель, т.б. көліктер шақырып, осы жерден тағы склад арендаға алып, сразу көшіп кеттік ары қарай.
Жанат ӘЛМАҒАМБЕТОВ, ТҰРҒЫН:
Өздеріңіз көргендей құрылыс материалдары мен резеңке шиналар жанды. Тез тұтанатын резеңкені сөндіру оңай емес. Аллаға тәубә тез- тез қауіпсіз жерге тасып үлгердік.
Төтенше жағдайлар департаментіне өрт туралы түскі 2-ге қарай хабар түскен. Оқиға орнына дереу 70 құтқарушы, 20 техника жеткізілген. Қара түтін ондаған метрге көтерілген. Жалынның күштілігі сонша, бірнеше минутта екі мың екі жүз шаршы метр аумақ отқа оранған. Абырой болғанда адамдар дін аман. Ал, көтерме сауда қоймалары түгелдей жанып кеткен.
Серік ӘУБӘКІРОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ТЖД БАСШЫСЫ:
Су жағынан проблема болған жоқ, суды үздіксіз шашып бақтық. Тек өртенген қоймалар маңындағы басқа ғимараттарды жалын шарпи ма деп алаңдадық. Сондықтан олардағы адамдар қауіпсіз жерлерге көшірілді. Тауарлары мен бағалы бұйымдары да тасымалданды.
Өрт сөндірушілер 4 сағаттан соң ғана жалынның бетін қайтарды. Отты толық өшіруге тағы бір сағат кеткен. Оттың неден шыққаны әзір белгісіз. Ол енді анықталмақ.
А. Қуаш