Негізгі / Жаңалықтар / Астанада 3 жасар баланы анасымен бірге қағып кеткен 19 жасар жігіт 5 жылға сотталуы мүмкін

Астанада 3 жасар баланы анасымен бірге қағып кеткен 19 жасар жігіт 5 жылға сотталуы мүмкін

Астанада 3 жасар баланы анасымен бірге қағып кеткен 19 жасар жігіт 5 жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы қалалық ішкі істер департаментінің мамандары хабарлады. Апаттан ана мен бала бақилық болған еді. Оқиғаға не себеп? Болған жәйтты тілшіміз зерттеп көрді. 

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Апатты жағдай Абай даңғылының дәл осы маңында орын алған. Жас жүргізуші көліктің жылдамдығын арттырып, жолдың жиегіне шығып кеткен. Салдарынан қам-қаперсіз кетіп бара жатқан ана мен баланы қағып өлтірген.

Жантүршігерлік жайт 8 қыркүйек сағат 10 шамасында болыпты. Куәгерлердің айтуынша, 19 жасар «Тайота» автокөлігінің жүргізушісі жолда досымен жарысқан. Жылдамдықты асырып, рөлге ие бола алмай қалған көрінеді.  

- Он выскочил тогда. Его машина перевёрнуто. Ребеночек бедненько тут лежит, а женшина дальше лежала в тяжелом состояние. 

Оқиға кезінде бүлдіршін мен анасы бірнеше метрге ұшып кеткен. Сәби сол сәтте-ақ жан тапсырған. Ал анасы ауруханада көз жұмыпты. Полицейлердің дерегінше, әйел Қырғызстан азаматшасы. Нұр-сұлтан уақытша тұруға келген.  

Эльмира ШАУЛЕНОВА, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта арнайы сараптамалар әзірленіп жатыр. Күдікті тергеу изоляторында жатыр. Егер күдіктінің кінәсі анықталса, 5 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Белгілі болғандай көлік иесі оқиға орнынан қашып кетпей, кінәсін мойындапты. Тергеу кезінде күдіктінің қалыпты жағдайда болғаны анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Елордада 8 айда 365 жол апаты тіркелген. 19 адам қаза тауып, 500-дей адам жарақат алған.   

Ғ. Өтемісов