Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Елордада Еуразия Парламент төрағаларының IV-ші форумы өтті

AstanaTV
24.09.2019ж. 20:00
1657
Елордада Еуразия Парламент төрағаларының IV-ші форумы өтті

Орасан зор апаттың келерін естісек те, оның алдын алу үшін ештеңе істемейміз. Еуразия елдері парламент төрағаларының кеңесінде осылай деген Нұрсұлтан Назарбаев, әлем елдерін Париж келісімін ратификациялауға шақырды. Ядролық қарудан бас тартып, бейбіт әлемді қалыптастыру заманның басты талабы, - деді. Елбасы 4-ші рет өтіп жатқан кеңес отырысы парламентаралық байланыс пен әріптестікті дамытуға ықпал ететінін жеткізді.

Халқы қақтығыс пен қорқынышсыз өмірді қалайды. Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып, әлемді жаппай жою құралы қолданылса, өркениет құрдымға кетеді. Тұңғыш Президент тағы да ядролық қарудан бас тартуға шақырды. Есесіне жердің барлық тұрғыны ғаламшарды қорғауға белсенді атсалысуы керек.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бәрінен бұрын ядролық державалар осы бастаманы бірінші болып көтеруі керек. Сонымен бірге бұл қаруларды жетілдіруді және оларды компьютерлік ойындар деңгейінде сезінуді жалғастыру - бұл әділ емес, ол жұмыс істемейді.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев ұйымдасқан қылмыстық топтардың біріңғай тізімін жасау қажетілігіне тоқталды. Мұндай қадам экстремистермен күресті күшейтіп, қауіптің алдын-алуды жеңілдетеді деді. Интернетпен есірткі сату ісіне тосқауыл қою мәселесі де көптің назарына ілікті. Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Вячеслав Володин терроризмге қарсы модельдік заң жобасын әзірлеуді ұсынды.

Вячеслав ВОЛОДИН, РЕСЕЙ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бүгінде террорлық ұйымдарға кей мемлекеттерде қатаң тыйым салынғанымен де, өзге мемлекеттерде террорлық ұйымдар емін-еркін шабуыл жасауда. Бұлай жалғасатын болса, терроризмге қарсы тұра алмаймыз. Террорлық орталықтардың тізімін заң жүзінде бақылап отыратын ұйым қажет.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев Еуро Одақ, Қытай, АҚШ және Ресей елдерінің бейресми кездесуін алдағы уақытта да өткізу маңызына тоқталды. Себебі, алпауыт мемлекеттер арасындағы экономикалық санкциялардан өзге елдер де зардап шегіп отырғанын айтты. Мұны мемлекетаралық диалог арқылы шешуге болатынын жеткізді.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазіргі халықаралық құқықтық дағдарысқа бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан миллиондаған қарапайым халықтың тыныштығын сақтау үшін бұл бастама өте өзекті.

Екі күн бойы әлемдегі ең үлкен континенттің парламентшілері заңнамалық тәжірибе алмасты. Ауқымды форумға Еуропа мен Азиядан 65 мемлекет және 14 халықаралық ұйым қатысты.