Телеарналар мен газет-журналдарға ішімдікті жарнамалауға рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бақнияз Қарашина айтты. Оның дерегінше қазір Қазақстандық ақпарат құралдары кіріс көзінен қағылуда. Өйткені интернет пен кабельдік желідегі шетелдік телеарналар мұндай жарнама арқылы пайдасын еселеп отыр. Десе де мұндай жарнамаларға ортақ ереже жасалған. Алкоголь өнімдері белгілі бір уақытта ғана жарнамаланып, оның зияны туралы ескерту- міндеттелмек.
Бақнияз ҚАРАШИНА, ҚР АҚДМ БАҚ САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Заң жобасы аясында 5 негізгі норманы енгізу көзделіп отыр. Соның бірі ел аумағында шығарылған сыра мен шараптың тауарлық белгісі мен атауына жарнама жасауға тыйымды алып тастау. Бұл сусындардың жарнамасы газеттердің бірінші және соңғы беттеріне, журналдардың мұқабасына жарияланбауы тиіс. Телеарналар үшін мұндай жарнама сағат 22-00-ден таңғы 6-00-ге дейін ғана рұқсат етіледі.
Сондай-ақ еріктілердің қызметтін, олардың еңбек өтіліне қосу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу барысында волонтерлік қызметті ескеру нормасы есептелуі мүмкін.
Әлия ҒАЛЫМОВА, ҚР АҚДМ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ :
Еңбек өтіліне волонтерлік жұмыс тәжірибесін қосу бойынша да норма әзірлейміз. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына волонтерлік қызметтің үлесін бағалау әдістемесі жасалады. Ол одан ары статистикалық есептерге енгізіледі. Жалпы алғанда "Еріктілер жылына" орай саланы дамыту үшін ұлттық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Ә. Өмірзақ