Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Елде азық-түлік соңғы бір айда едәуір қымбаттады

AstanaTV
01.10.2019ж. 20:00
2546
Елде азық-түлік соңғы бір айда едәуір қымбаттады

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы шарықтап барады. Көкөністің отаны саналатын өңірде қыс түспей қызынақ пен қияр қымбаттап кеткен. Бұдан бөлек жұмыртқа мен күріш те біршама көтерілген. Ал шенеуніктер тұрақтандыру қорының болмауы себебінен бағаны ырыққа келтіре алмай отырмыз дейді. Қымбатшылық күнгейде ғана емес. Тілшіміздің репортажы.

Шымкент базарларында қызанақтың 1 келісі қазір 230-250 теңге аралығында. Қияр да осы шамалас. Сатушылар  мұны  жергілікті өнім мерзімінің тәмамдалуымен байланыстырады. 

Санабар ДАРБИШОВА, САТУШЫ:

Қазір енді огород бітіп жатыр, соңғы огородтар ғой бұлар, кезінде 150 болса, қазір 250-230 дан болып жатыр.

Шаһарда ет те арзан тұрмайды. Сиыр еті -2 000 - 2500, жылқы еті -2300-2800 теңге аралығында.

Қалакүл АЛШАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

5 мыңға екі келі ет апарасың, болды, 2600 теңгеден. Есептей бер, 5 мыңға 2 келі етің үш-төрт адам болса, бір-ақ асасың.


Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Шымкентте жұмыртқа бағасы да едәуір көтерілген. Қазір ең ірісі - 40 теңгеден сатылып жатыр. Орташасының өзі 33-35-тен кем емес. Сатушылардың айтуынша тамыздың ортасында 2-3 теңге қосылыпты. Бұл болмашы көрінгенмен қарапайым халық үшін кәдімгідей қымбат.

Оңтүстік жұрты күріштің де қымбаттығын айтады. Сұранысқа ие сорттары 340-380 теңге шамасында. Көпшіліктің көңіліне медеу болып тұрғаны картоп, сәбіз, пияз секілді негізгі өнім құнының бірқалыптылығы.Тек, қырыққабат қана биыл тым қымбат десті.

Ал Қызылжарда ет 10-15 пайызға жоғарылаған. Есесіне көкөніс бағасы таяуда арзандайды деп қуантты. Картоптың көтерме бағасы қазір 50-60 теңге. Ал қыста қиындық тумас үшін жергілікті тұрақтандыру қоры 850 тоннаға жуық азық сақтап үлгерген.

Мұрат НҰРҚАНОВ, СҚО КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Картоптың көтерме бағасы 40-45 теңгеге дейін арзандауы мүмкін осы алдағы қазан айында. Еттің бағасын қадағалау үшін нақты тетіктер жоқ. Бірақ аудан әкімдіктерімен келісіп, тікелей жеткізілімдер жасалып тұрады.

Ал Өскеменде картоптың келісі - 130 теңге. Сауда қатарларындағы баға осындай. Шығысқазақстанның тұрақтандыру қоры 400 млн теңгеге 5 700 тонна өнім сатып алған. Баға өткен жылғыдан жоғары болмайды деп сендіріп отыр.

Елдос БАЙРАХМЕТОВ, «ЕРТІС» ӘКК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бізде 14 нүкте бар, ол жерде біз үстемесіз сатқызамыз. Ал 10 пайыз қосатын өзге орындардың тізімі сәл кейін хабарланады. Қазір сату бағасы белгісіз. Қараша айында белгілі болады. Қазанның соңына дейін жинақтап, сақтауға жөнелтеміз. 


Ал Шымкентте тұрақтандыру қоры жоқ. Тығырықтан шығу үшін ірі сауда нүктелеріне пайызсыз қаражат бөлмек.  

Әбунасыр ЖАНБАТЫРОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Дайын инфрақұрылымы бар, дайын сауда нүктелері арқылы оны жүзеге асыру ол бізге тиімдірек. Бізде кәсіпкерлік басқармасы бар, сол апта сайын сауда нүктелерінде сол бағаны қадағалау жүргізіп отырады бағаның өспеуін осы 19 әлеуметтік тауарлардың өспеуін. 

Әзірше әлеуметтік маңызы бар жеті тауар түріне 300 млн теңге бөлініпті. Қосымша бюджеттен қаржы сұратылған. Бастысы бұл шаруа осы қазан айынан іске асырылады.

А. Төребекқызы