Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанайда кәсіпкер мен әкімдік ұлтарақтай жерге талас болып жатыр

AstanaTV
01.10.2019ж. 20:00
1901
Қостанайда кәсіпкер мен әкімдік ұлтарақтай жерге талас болып жатыр

Қостанайда ұлтарақтай жердің дауы сотқа ұласты.Кәсіпкер Әсел Тоқышева 3 жыл бұрын қалалық әкімдіктің қаулысымен 80 шаршы метр жерді жалға алады. Ол жерге шағын павильон салып үлгерген. Алайда, шаһар билігі алақандай аумақты кері қайтарып алмақ. Бизнес өкілі тым болмаса шығыным өтелсін деген талап қойып отыр. Қос тараптың уәжін тілшіміз Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Кәсіпкердің ресми өкілі Ерлан Оспановтың айтуынша тиісті құжаттар түгел. Дәл осы жерді беру жөнінде комиссияның қабылдаған  шешімі мен әкімдіктің қаулысы, жер актісі де бар. Сондықтан, құрылыс жұмыстарын бастап, павильонды орнатуға 5 миллион теңгеден астам ақша жұмсаған. Жоба бойынша дүңгіршектің бір бұрышында кофе сатылса, келесі бұрышы оқушылардың коворкинг орыны болуы керек.

 Ерлан ОСПАНОВ, КӘСІПКЕРДІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Құрылысқа шамамен 5 миллион теңге жұмсадық. Аумақты жөнге келтіріп, тас төсеуіштер төседік. Дабылқаққыш орнаттық. Эстетикалық талаптарға сәйкес болсын деп бәрін жасадық. Алайда билік шектен шығып, ісімізге кедергі келтіріп отыр.


Ал қалалық жер қатынастары бөлімі 3 жыл бұрын кәсіпкермен жасалған келісім-шартты бұзып, құжатты жарамсыз деп тануға талпынып отыр.

Мәлік ҚҰДАБАЕВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Жер телімі жер кодексінің қырық үшінші бабына сәйкес берілген. Алайда қырық сегізінші бап бұзылған. Яғни, аукцион өткізілмеген. Оған қоса 2016 жылы қалалық сәулет бөлімі құрылыс талаптарына сай ол жерге павильон орнату мүмкін емес деп хат жазған.

Білікті заңгер Дәурен Рахаделов келісім-шартты бұзып, жер телімін кері қайтаруға негіз жоқ екенін айтады. Ұлтарақтай жер бизнес өкіліне заң шеңберінде берілген деп санайды.

Дәурен РАХАДЕЛОВ, ЗАҢГЕР:

Істің мән-жайымен танысып, кәсіпкердің позициясын заңды деп есептеймін. Өйткені, бұл мәмілені жарамсыз деп тануға негіз жоқ деп ойлаймын.

Кәсіпкер көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің келісімін алған. Жетпіске жуық адам қол қойып, қос үйдің ортасына павильон орнатуға қолдау білдірген. Енді жер дауы қалалық сотта қаралады. Әкімдік өкілдері әуелгі мәмілені жарамсыз деп тануға талап-арыз түсірген. Ал кәсіпкер жерді заң шеңберінде алғанын дәлелдемек.

З.Санай