Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×
Реклама на сайте

Алматыда 2 жасар бүлдіршінді өлтірді деген күдікпен өгей әке қамауға алынды

AstanaTV
03.10.2019ж. 20:00
2707
Алматыда 2 жасар бүлдіршінді өлтірді деген күдікпен өгей әке қамауға алынды

Алматыда өгей әкесі соққыға жыққан 2 жасар бүлдіршін ес жимастан көз жұмды. Күдікті алғашында дәрігерлерге құлап қалды деп, жалған ақпарат берген. Ақ халаттылар полиция шақыртып, өгей әке дереу қамауға алынған. Қазір оған адам өлтірді деген айып тағылып отыр.

Өгей әкесінен аяусыз соққы көрген бала бүгін таңғы сағат 8 дер шамасында аурухана төсегінде жан тапсырған. Дәрігерлер о баста бүлдіршіннің тірі қалуы екіталай екенін айтқан. Өйткені шынашақтай баланың басы жарылып, миына қан ұйылған.

Дінмұхаммед РУЗУДДИНОВ, АЛМАТЫ қ. БАЛАЛАР ШҰҒЫЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Өте жағдайы ауыр 2 жарым жасар бала алып келінді.Балаға жедел түрде ота жасалынып, гематомасы алынып, жағдайы өте нашар, өміріне қауіпті.

Ауыр жарақат алған бүлдіршін жансақтау бөлімінде он күннен соң бақилық болды. Ал сәбиді есінен танғанша соққыға жыққан соқталдай еркектің ісін полиция департаменті «адам өлтірді» деген баппен тергеп жатыр.

Салтанат ӘЗІРБЕК, ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Осы дерек бойынша қылымыстық іс, Қылмыстық Кодекстің 106 - бабынан 99-бабына қайта ауыстырылды. Сезікті бірден ізін суытпай жатып қолға түсті. Ол өз кінәсін толығымен мойындап, қазіргі таңда қамауға алынды.

Оқиға «Көк-Қайнар» ықшамауданындағы мына үйде болған. Балаларын өгей әкесіне қалдырған анасы сол күні жұмыста болған.  Бүлдіршінге бас көз-боп қалған күдікті оның жылағанына шыдай алмай, тепкінің астына алып, тыныштандырмақ болған көрінеді. Енді оның осы әрекеті дәлелденсе, 15 жылға дейін сотталуы мүмкін.

 Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Қазір қаза болған баланың жақындары тілшілерге қандай да бір жауап беруден бас тартып отыр. Жергілікті полицияның хабарлауынша, бүлдіршіннің ата-анасы азаматтық некеде тұрған. Бақилық болған бөбектен бөлек тағы 5 жасар балалары бар. Ал олардың қалаға көшіп келгеніне 1,5 ай болыпты. Сондай-ақ полиция тергеу барысында 34 жастағы өгей әкенің бұрын бөтеннің мүлкін тонау және ұрлау бабы бойынша істі болғанын да анықтаған.


Ә.Лесбек