$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қоластындағыларға балағат сөздер айтқан полиция қызметкері жұмыстан кетті

AstanaTV
08.10.2019ж. 20:00
3154
Қоластындағыларға балағат сөздер айтқан полиция қызметкері жұмыстан кетті

Дәл осы аудиожазба, полицейді қызметінен айырды. Қарамағындағыларды жерден алып, жерге салған астаналық полицей қызметінен босатылды. Оған ғаламторда тараған аудиожазба себеп болған. Алматы ауданы полиция басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Асауп, қол астындағылардың біріне балағат сөздерді жаудырып, бұйрық бергені жазылып қалған. Әлихан Асқарұлы жазбаны тындап, полиция қызметкерлерінің қызметтік этиканы қаншалықты сақтайтынын анықтап көрді. 

Лауазымды полицейдің қызметінен кетуіне себеп болған осы аудиожазба. Мұнда ол жұмысын аяқтап, үйіне кеткен құқық қорғаушыларды қайта шақыруды талап етуде. Бірақ байыппен емес, балағаттап тұрып, бұйырып жатыр. Мәселенің мән-жайын білмек болып, арнайы өкілетті органдарға барған едік. Жауап мынадай:

Қалалық Полиция Департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова бұл оқиғаға қатысы тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, ақпарат бере алмайтындығын айтты. Ал құқық қорғау саласының ардагері Ерік Рақымжанұлы, кез-келген ескерту, қарамағындағы жұмыскер қандай теріс қылық көрсетсе де оның ар-намысына тимейтіндей етіп жеткізілуі керек деді.

Ерік РАҚЫМЖАНҰЛЫ, ЗЕЙНЕТТЕГІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қазір полициейлердің беделі төмен. Негізгі себеп осы. Басшылар қарамағындағыларға өзі үлгі көрсетпесе, дұрыс жол сілтемесе, мұндай жағдайлар қайталана береді.


Құқық қорғау саласындағы тағы бір келеңсіз жайт Ақмола облысында болды. Полиция департаментінің басшысы Берік Біләлов қарамағындағы жұмыскерлердің жемқорлық фактісі бойынша айыпталуына байланысты жұмыстан шеттетілді.

ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:

Департамент бастығының орынбасары А.Садуов пен қаржылық қамтамасыз ету басқармасының бастығы С.Жұмалинаға қатысты сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол берді деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарының жүріп жатуына байланысты, Полиция департаментінің бастығы, генерал-майор Б.Біләлов атқарып отырған лауазымынан босату туралы рапорт берді.

Ал, дөрекі сөйлеп, дауға қалған Бауыржан Асауптың ісі қашан аяқталатыны белгісіз, қазір оны арнайы комиссия тексеріп жатыр. 

Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:

Ресми өкілдер қандай да бір мәлімдеме жасаудан бас тартты. Тек, жұмысынан босатылған полиция қызметкерінің осы мекемеде қызмет еткенін ғана растады. Бұл - қызметтік этикетті сақтамай, жұмыстан кеткен полицейлер туралы алғашқы факт емес. Осыған ұқсас жағдай осы жазда болған еді. Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Махамбет Абисатов, Ақтөбедегі жиналыста балағат сөздер айтып, артынан қызметінен босатылған. Ал қыркүйек айында Алматы облысының жергілікті полиция қызметінің бастығы болған Марат Күштібаевтің да осындай әрекеттері желіде жарияланған. Ол да орын тағынан айрылған болатын.

А. Асқарұлы