Қызылжарда қоқыс полигоны жабылып қалды. Тұрмыстық қалдықтарды тасымалдайтын көліктер бүгін полигонның алдында кептеліп қалды. Қоқыс төгетін аумақ неге жабылды? Абзал Құрманкин мәселе мәнісіне үңіліп көрді.
Қоқыс тиеген көліктер полигонның кіреберісінде таң сәріден бастап кептеліп тұр. Ондаған жүк көлігі тұрмыстық қалдықтарды төгіп, қалған аулаларды тазалауға кірісуі керек. Алайда, полигон қоқысты қабылдаудан бас тартты.
Лариса ПОНОМАРЕВА, "МЮЛЬ-СЕРВИС" ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Полигон бізге "сұрыпталған қоқысты әкеліңдер" деген талап қойды. Біз тұрғын үйлердің ауласында пластик пен шыныға арналған бөлек жәшіктер қойдық. Бірақ тұрғындардың барлығы бірдей қалдықтарды бөліп-бөліп салмайды. Жұрт бұл жүйеге бірте-бірте үйренеді. Бұл бір күнде шешілетін жәйт емес.
Полигонда қоқыс сұрыпталмай жатқандықтан құзырлы орган оларға айыппұл салған. Ал цех әлі жұмыс істеп жатқан жоқ. Демек, ол іске қосылмай полигонды ашуға тыйым салынған.
Наталья КОВТУН, "ҚЫЗЫЛЖАР ТАЗАЛЫҚ" ЖШС ҚЫЗМЕТКЕРІ:
Пластик, қағаз, шыныны полигонда сақтауға болмайды. Қоқысты сұрыптайтын қондырғыны біз 2021 жылы бір-ақ орнатамыз. Біздің кәсіпорын былтыр ғана құрылды. Цехты бірден аша қоятын қаражат жоқ.
Ал қатаң шара қолданып, қаһарына мінген экология департаменті қоқысты сұрыптау жөніндегі заңға сүйеніп отыр. Олар жауапты кәсіпорындардың қарекетсіз отырғанына қапалы көрінеді.
Азамат БЕКТАСОВ, СҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫСЫ:
Экология кодексінде бекітілген 301-бапқа екі жыл болды. Барлықтарына белгілі болды. Қалдықтарды рәсімдеу бойынша инфраструктура дұрыс құрылуы керек. Кіші және орта бизнес. Олардың бәрін жергілікті билік органдары қарастыруы керек.
Ал қоқыс шығару компаниялары бір күнде тұрмыстық қалдықтың 120 тоннасын жинап отырады.
Абзал ҚҰРМАНКИН, ТІЛШІ:
Тараптар тығырықтан шығу жолын әлі жарияламады. Мәселе тез арада шешілмесе, аптаның аяғына қарай қала қоқысқа толып, аяқ басатын жер қалмауы мүмкін. Айта кету керек бұған дейін полигонда қалдықтарды сұрыптайтын кәсіпорын жұмыс істеген еді. Бірақ тиімсіз болғаннан кейін 2017 жылы жабылып қалды. Ендігі ашылатын цех соның тағдырын қайталамаса болғаны.
А. Құрманкин