Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Жетілмеген остеогенезге шалдыққандарды отандық дәрігерлер емдемек

AstanaTV
22.10.2019ж. 20:00
3412
Жетілмеген остеогенезге шалдыққандарды отандық дәрігерлер емдемек

Елордалық Ирина Плужник қызының аяққа тұруын армандайды. 8 жастағы Таисаға 8 рет ота жасалған. Оның диагнозы "жетілмеген остеогенез", яғни сүйектері әлсіз "шыны" бала. Отандық дәрігерлер ресейлік мамандардың көмегімен консервативтік терапия жасауды бастады. Қазақстанда дәл осындай дертпен 80-ге жуық бала тіркелген.

Қаршадай Таиса сүйегінің сынғыштығын елемеуге тырысады. Аяғын басып анасына да көмектескісі келетінін жеткізді. Оның үлкен арманы да бар. Ветеринар болсам дейді.

Таиса ПЛУЖНИК:

Жануарларды қатты жақсы көремін. Оларға көмектескім келеді. Емдейтін боламын. Маған күнде құрбыларым да келіп тұрады. Бірге ойын ойнап, сабақ дайындаймыз. Жүріп кетсем қатты қуанатын едім.

Анасы Ирина, қызының көз алдында солып бара жатқанына алаңдайды. Емдетудің жолдарын іздеп, шар ұрғанмен нәтижесін көре алмаған. Жуырда ғана Ана мен бала орталығының мамандары үміт отын жағыпты. 

Ирина ПЛУЖНИК, АНАСЫ:

6 жыл бұрын дәрігрерлер мұндай аурудың емі жоқ дейтін. Бірнеше жыл өткен соң Мәскеуге барып емделсеңіздер болады деп хабарлады. Бірақ, ол жаққа баруға жағдайым жетпеді. Қазір осында емделе аламыз. Әрине, емдеу терапиясы өте ауыр. Бірақ басқа амалымыз жоқ. Ең бастысы баламның саулығы.

Дәрігерлер сүйектері әлсіз "шыны" дертіне шалдыққан 25 балаға кальций, бисфосфонат  препараттарын еккен. Олар бұл шараларын науқастардың сүйегі қатайғанға дейін жүргізетінін  айтты. Сүйектің беріктігі 50 пайызға жеткен кезде хириургиялық операциялар жасауға болады деп отыр.

Айгүл ЫБРАЕВА, АНА МЕН БАЛА ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

4 сағат бойы инфуззия жүргізілді. Науқастар ішіндегі ең кішісі 3,5 айлық сәби. Яғни дертке шалдыққандардың жас мөлшері неғұрлым кіші болса, айығып кету мүмкіндігі соғұрлым жоғары. Әрі сүйегі қатаймағандықтан, препараттарды жақсы қабылдай алады.

Медициналық тілмен "жетілмеген остеогенез" деп аталатын бұл дерттің 18 түрі бар. Ол сирек кездесетін генетикалық аурулар қатарына жатады. Әзірге мамандар дерттен айығудың тиімді тетіктерін ғана қарастыруда. 

Ғ. Өтемісов