Негізгі / Жаңалықтар / Өскемендік студенттер екі бірдей отбасыны өрттен аман алып қалды

Өскемендік студенттер екі бірдей отбасыны өрттен аман алып қалды

Өскеменде жергілікті колледждің екі студенті бейбіт күннің батырлары атанды. Олар екі бірдей отбасын оттан арашалап қалған. 80-жастағы зейнеткерді өрттен құтқарып, көршілерін оятып, жедел жәрдем мен өрт сөндірушілерді шақырыпты. Төтенше жағдай қызметкерлері келгенше, қызыл жалынды өздері ауыздықтауға да тырысыпты. Батыр жігіттер туралы келесі бейматериалда. 

18 жастағы Денис Печугин қызыл жалынмен бетпе бет келгендегі қауіпті жақсы біледі.  Айтуынша, өрт болған күні ол Алишер есімді досымен бірге дүкеннің жанынан өтіп бара жатқан. Екеуі тұрғын үйдің бірінің шатыры жанып жатқанын көреді. Бірден терезелерді сындырып, тұрғындарды құтқаруға көшеді. Өрт зейнеткер Вера Новикованың үйіне дейін жеткенде, ойланбастан оттың астына да кіреді.

Денис ПИЧУГИН, КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТІ:  
 

 
Үйдің іші қап-қарпа түтін болып кетті. Кіріп әжейді сыртқа алып шықтық.  Әжеден тағы біреу қалды ма деп сұрап едім. Ол кісі ешкім жоқ деді. Сонда да, ішке қайта кіріп, тексеріп қайттым. Бәрі бізді таңертең бері  батырсыңдар деп,  құттықтап жатыр. Колледж директорының өзі құттықтады. Мен өзімді батыр санамаймын, азаматтық борышым.

Жігіт үйді толығымен тексеріп шыққан. Баспананың ішіндегі жарылғыш баллондарды да сыртқа шығарыпты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін қызыл жалын көрші үйге өтіп кетпесі үшін отты ауыздықтаған.

Валентина ТИХОНОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:



Дәліз жанып жатты, сол мезетте ұлдар оны лезде сыртқа шығарып үлгерді. Сіздерге үлкен рақмет. Осындай жастардың бары көңіл қуантады. Өртті бірінші болып осылар көрді және бірден есікті қағып, үй иелеріне хабарлады.

Төтеншеліктердің мәліметінше,  өрт шаруашылық блогынан шыққан. Мұнда көмір өртеніпті. От ағашқа, артынан құрылыс аумағына тараған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жанып жатқан асханадағы газ баллонын шығарып үлгеріпті.

Марина ЛИСКОВА, ӨСКЕМЕН ҚАЛАСЫ ТЖ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:



Жарылу қаупі бар газ баллоны шығарылды. Абырой болғанда есік алдынан өтіп бара жатқан жігіттер байқап қалып, азаматтық танытты. Әйтпесе, өрт дереу айналаны шарпып кетер еді.

Қазір зейнеткердің туыстары жанып кеткен заттарды жинап жатыр. Ертең үйдің шатырын жөндемек.  Ал үй иесінің өзі туысқандарын паналап отыр. Күні суытқанға дейін үйді қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Ал ТЖ басқармасының басшылығы ерлік көрсеткен Денис Пичугин мен Алишер Аянұлын марапатқа ұсынбақ.

А. Мүтәлі