Қостанай облысында жұмысшылар мінген кен орнының автобусы, тракторға соғылып, екі адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы он жеті жұмысшы түрлі жарақат алған. «Рудный-Қашар» тасжолында болған жол апатына кім кінәлі? Қара жамылған отбасыларға қандай көмек көрсетіледі? Заңғар Санай сабақтайды.
Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:
Жол апатына түскен жұмысшылардың он жетісі осы қалалық ауруханаға жеткізілген. Жеңіл жарақат алғандарына алғашқы междициналық көмек көрсетілген соң, үйлеріне жіберіліпті. Қазір жансақтау бөлімінде екі адам хал үстінде жатыр. Тағы бір науқастың жамбасы сынған. Ол жарақат бөлімінде.
Ақ халаттылар апаттан ауыр жарақат алған адамдарды аман алып қалуға барын салып жатқандарын айтты. Дегенмен, хәл үстінде жатқандарға қатысты қандай да бір болжам айта алмайды.
Вячеслав ШЕЛУБАЕВ, РУДНЫЙ ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Жансақтау бөліміндегі екі науқастың жағдайы өте ауыр. Ішкі органдары қатты зақымданған. Бауыры езіліп кеткен. Ота жасалды.
Көлік апатында көз жұмған Сапар Шаяхметов «Қашар» кен байыту алаңында екі жылға жуық жұмыс істеген. 35 жастағы жігіттің артында үш баласы қалды. Марқұмның ағайын туысы жол апатына кінәлі адамның қатаң жазаға тартылуын талап етті.
Жанат ШАЯХМЕТОВ:
Жүргізуші қарау керек ғой. Бәрі де ішіндегі адамдар айқайлаған. Бұрыл,бұрыл деп. Енді шофердің кінәсі ғой. Адам айғайлағанда тыңдау керек ғой. Өзімнің ұлым кетті.
Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі таратқан ақпаратқа сай, апатқа ұшыраған автобуста 34 жұмысшы болған. Олар қарашаның үші күні кешқұрым "Қашар -Рудный" тас жолында жол жиегінде тұрған тракторға соғылған. Оқиға орнында екі адам жан тапсырды.
Ирина БЕЖЕНАРЬ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Қазіргі уақытта қылмыстық іс шеңберінде жол көлік апатының барлық мән-жайы анықталып жатыр.345 бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Департамент хатшысы 49 жастағы автобус жүргізушісі мен 31 жастағы тракторшы қамауға алынбағанын хабарлады. Тіркемелі трактор жергілікті шаруашылық қожалығына тиесілі. Көлік апатына нақты кімнің кінәлі екенін тергеу анықтайтын болады. Ал,Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі қаза тапқандардың отбасыларына қаржылай көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
З. Санай