Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Атаулы әлеуметтік көмекті қайтаратын 254 оралдық отбасыға қаражатты қайтарудың жаңа кестесі жасалады

AstanaTV
05.11.2019ж. 20:00
4121
Атаулы әлеуметтік көмекті қайтаратын 254 оралдық отбасыға қаражатты қайтарудың жаңа кестесі жасалады

Оралдағы атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз иеленгендерге, қаражатты қайтарудың жаңа әдісі ұсынылды. Жұмыспен қамту орталығы енді бөліп төлеудің кестесін жасайды. Айта кетейін, қалада 254 отбасы мемлекетке 18 миллион теңге берешек .

Жансая төрт жылдан бері пәтер жалдап тұрады. Екі қызының бірі мүгедек. Отбасындағы жалғыз табыскер - күйеуінің екі айлық жалақысы бірге түсуі мұң екен - атаулы әлеуметтік көмектен қағылды. Бұл ақшаға олар ай сайынғы пәтерақысын төлеп келген. Енді мемлекетке 180 мың теңге берешек. Бірақ қайтаруға мүмкіндігі жоқ.

Жансая НАУРЫЗОВА, ТҰРҒЫН:

Мына АСП сәпсем шаршатты. Желкемізден шығарды деген сөз ғой былай қарасаң, үкіметтен ақша алуға да қорқатын болдық былай қарасаңыз.

Бүгінде Жансая секілді 254 отбасы мемлекеттен алған 18 миллион теңгені кері қайтаруы тиіс. Жұмыспен қамту орталығы оларға ескерту хатта жіберген. Әзірге 4 млн 41 мың теңгесі ғана бюджетке қайтарылыпты.

Ерлан ГАЛЕЕВ, ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:


Егер көмекті заңсыз алғаны дәлелденетін болса, олар қайтаруға міндетті. Мұндай жағдайды біз анықтағаннан кейін отбасына, өтініш иесіне уведомление береміз: осындай уақытта сіз қайтаруға міндеттісіз, қаржы артық төленген деп. Егер белгіленген мерзім ішінде қайтармайтын болса, біз тек қана сот органдарына жүгінуге мәжбүр боламыз.

Амалы таусылған аналар «Nur Otan» партиясына келіп көмек сұрады. Партия салаға жауапты министрмен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік берді. Шенеунік отбасының табысы өзгерсе, жұмыспен қамту орталығын ескерту керектігін жеткізді. Ал кірісі азайғасын, әлеуметтік көмек төлеу қайта жалғасады деді. Бірақ алған қаржыны бәрібір қайтару міндетті екендерін айтты.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Артық тағайындалып кетсе, сіз өз еркіңізбен ол ақшаны қайтаруыңыз керек. Егер оны қайтарудан бас тартсаңыз, сот арқылы қайтарылады. Егер сол ақшаны қайтарудан бас тартпасаңыз 5-10 мың теңге қылып қайтаратындай кесте жасатыңыз.

Енді жұмыспен қамту орталығы жағдай төмен отбасыларға арнайы кесте жасайды. Осы кесте бойынша заңсыз төленген атаулы әлеуметтік көмек бюджетке қайтарылады. Ал келер жылдан бастап, жәрдемақыны есептеу формасы өзгертілмек.

Е. Карин