Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мектеп жанындағы шағын орталықтың жабылуына ұжым қарсы тұрды

AstanaTV
07.11.2019ж. 20:00
4978
Мектеп жанындағы шағын орталықтың жабылуына ұжым қарсы тұрды

Шу шаһарынан шу шықты. Жамбыл облысы Шу қаласындағы мектеп жанындағы шағын орталық жабылмақ. Ал бұған ұжым да, ата-аналар да қарсы. Қызметкер жұмыссыз далада қалудан қорқады. Олар ашуға булығып, мектептегі біраз былықтың бетін ашты. Данияр Әлімқұлдың репортажы.

Бұл - Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектептің жанынан алты жыл бұрын ашылған шағын мектепалды орталық. 50-ге жуық бала тәрбие алады. 11 маман жұмыс істейді. Жұмысшыларға бөбекжай жұмысын тоқтататынын білім бөлімі хабарлаған. Ал бұған олар жұмыссыз қалатындарын айтып, қарсылық білдірді. Мектеп директоры оқушыларға орын жетіспегеннен орталық жабылады деп түсіндірген. 

Айжан ҚАСЫМЖАНОВА, ШАҒЫН ОРТАЛЫҚ ӘДІСКЕРІ:


Жабылудың себебі оқушы сыймайды деп жабамыз дейді. Негізі оқушы сыймайды емес, парта жоқ. Білім бөлімі парта бөліп бермейді. Бір партада 3 оқушыдан отырады.

Мемлекеттік бақшаның жабылуына ата-аналар да наразы. Балаларын жеке балабақшаларға жетектеп жүргісі жоқ. Өйткені, олар қалтаны қағады деді.   

Толқын ОЛЖАБҰЛАТОВА, АТА-АНА:


Мен баламды жеке бақшаларға жібергім келмейді. Ол жақтың бағасы қымбат. Осы мемлекеттік те 5 мың теңге соны қалтам көретеді, осы жерде отырамын.

Жалғызбасты ана Нұргүл Егембердива алты ай бұрын орталыққа медбике болып орналасу үшін ақша беріп кірдім дейді. Енді жабылса, ақталмаған ақшасын кімнен даулайтынын білмей дал.     

Нұргүл ЕГЕМБЕРДИЕВА, МЕДБИКЕ:

100 мың далаға кетті. Ақшамды қайтарыңыз, үйімде көмірім жоқ дедім. Сен 100 мың ақшаңды екі есе қылып алып қойдың деді. Нақты ақшаны кім алды? Мамутова Дильбар директордың орынбасары. Директорға сол кісі ақшаны санап берді.

Еден жуған Кәмшат Қаратаева да бірнеше ай бұрын бала күтуші қызметіне ауысу үшін мектеп директорына 60 мың теңге бергенін айтты. 

Мектеп директоры ұжымдастарының сөзін жала жабу деді. Ол шағын орталықты расыменде оқушыларға орын жетіспегеннен жабылғалы жатқанын жеткізді. 750 орындық мектептегі оқушы саны биыл екі есеге көбейген. Білім бөлімі болса, ешкімді далада қалдырмаймыз деп отыр.    

Перизат ҚОСАҚОВА, ШУ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл жақтағы қызметкерлердің бәрі жұмыспен қамтылады. Ешкімді далаға тастайын деп жатқан жоқпыз. Мектеп ішінде қамтылды. Басқа мекемеден тауып береміз.Бәрін қамтимыз.

"Бөбекжай жабылады" деген бұйрық әлі шықпаған. Бірақ, атқамінерлердің айтқанына қарағанда шағын орталықтың есігіне қара құлып салынатын күнде алыс емес.
 
Д. Әлімқұл