Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Ақтөбеде тұтас бір ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз отыр

Ақтөбеде тұтас бір ауыл тұрғындары көгілдір отынсыз отыр

Ақтөбенің іргесіндегі Жаңақоныс-2 елді мекенінде халық жылусыз отыр. Өз үйлерінде жаурап отырған дүйім жұрт жылусыз қыстап шығамыз ба деп қорқады. Шенділер бұған дейін бірінші қарашаға дейін мәселені шешеміз деп уәде беріпті. Бірақ өзгерген ештене жоқ. Жылусыз отырған ауылға тілшіміз Бақыт Рахметова барып қайтты.  

Қаланың іргесіндегі бұл ауылда жеті жүздей үй бар. Бірақ ауыз су, көгілдір отынның жоқтығынан мұнда тек әзірге жүз шақты үй қоныстанған. Олардың өздері тек өлместің күнін көріп отыр. Суды тасып ішеді. Ал даңғарадай үйлерін тоқ пешпен жылытуда.  

Асыл ЫСҚАҚОВА, ТҰРҒЫН:  

Жылу жоқтығынан үйімізде тонып шашырап бала-шағамызбен барлық киімді киіп отырмыз. Бірнеше обогреватель қосып отырмыз.  

Бекболат ДҮЙСЕНБАЕВ, ТҰРҒЫН:  

Осы жерде жүз шақты үй бар тұрып жатқан. Олардың мектептегі балдары кішкентай балдары бар. Олардың барлығы да салқынға байланысты қазір ауырып жатыр. Отынды көмірді сатып алып пеш жағып отыр. Амал жоқ. 21 ғасырда өздерінің ойлап қараңыздар көмір жағып отыр. Ал обогреватель он күннің ішінді 300киловат жағып тастаған. Ол дегенің 33 мың теңге.  

Бұл жерде халыққа үй салуға жер 2017 жылы берілген.Сол кезде шенділер екі жыл ішінде барлық коммуникация тартылып болады деп уәде етіпті. Бірақ жарықтың өзін ауылға тек биыл тартқан.Сондықтан халық үйлерін тастап пәтер жалдап, не туыстарының үйін жағалауға мәжбүр.   

Айгүл БАЙМЕНШИНА, ТҰРҒЫН: 

Бізге газ берілсе екен. Себебі қазіргі уақытқа дейін квартирада тұрдық енді білесіздер. Мүгедек адамға әр жерде көшіп пәтер жалдау мүмкін емес. Үйіміз салқан. Кішкентай балам бар. Қыз баламды қазір үйде ұстай алмай отырмын. Қайын інімнің үйінде отырғызып отырмын.  

Бұл ауылға көгілдір отын тарту 2019-2020 жылға жоспарлан екен. Сондықтан да қазынадан қаражат уақтылы бөлінбей қалған көрінеді. Қазір жұмыстарды мердігер мекеме өз есебінен аяқтауға мәжбүр екен.  

Жандос ӨТЕУЛИН, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Қазіргі уақытта мердігер тоқсан сегіз пайызға жұмыстарды жасап қойды. Қазір тап қазір уақытын айта алмаймын жылдың аяғына дейін қосып беруіміз керек.  

Шенділер тағы да уәде беріп отыр. Бірақ құр уәдеден шаршаған халық жаңа жылға дейін үйлеріне жылу берілмесе ауыл болып жиналып Астанаға дейін бармақ. 

Б. Рахметова