Негізгі / Жаңалықтар / Шымкентте құдықтан су ішіп отырғандар бар

Шымкентте құдықтан су ішіп отырғандар бар

Елдегі үшінші мегаполисте әлі күнге құдықтан су ішіп отырғандар бар. Шымкенттегі Қызылжар тұрғын алабы жұртының күні тіпті қыс ауасы іргеде ағатын Бадам өзеніне қарап қалады. Мұнда жол мен жарық мәселесі де қиын. Аралда қалғандаймыз деп арнамызға шағым айтқан тұрғындар проблемасын Айзада Төребекқызы тыңдап қайтты.  

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ: 

Әр отбасы өз ауласында мынадай бір-бір құдықтан қазып алған. Ауыз суды осыдан тұтынады. Бұл аумақта тіршілік нәрі тереңдігі 15-16 метр жерден шығады екен. Тұрғындар қыстың күні осының өзіне зар боп қаламыз дейді, өйткені жер асты суы тартылып қалады.  

Әлия Амангелді осы құдықтың барына шүкір деп отыр. Айтуынша желтоқсаннан бастап құдықтан су шықпай қалады. Ол кезде кір-қоңға өзеннен су тасып әбіржиді. Тіршілік нәрінен қиналдық деген жас отбасы судың сапасыздығынан үстімізге жара қаптап жатыр дейді.   

Әлия АМАНГЕЛДІ, ҚЫЗЫЛЖАР ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Балдардың бәріне жара шығады. Мысалы өзімде де бар. Осы судан да көрем, он жыл болды осы қолымдағы жара кетпейді, кір жусам да шығады, не жусам да шыға береді одан ешқандай арыла алмай қойдым.  

Тұрғындар жер асты суының ішуге жарамсыздығын санитар мамандар айтты деп отыр. Бұл мәселені талай көтеріп келеді. Бірақ соңғы рет осы көктемде суға қарық қыламыз деп қуантып кеткен атқамінерлер содан кейін ат ізін салмапты.    

Алпысбай САҒЫНДЫҚОВ, ҚЫЗЫЛЖАР ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Кейінгі кезде байқап жүрміз, көп балалардың, жас балалардың кіндігінің асты ауырады. Әнеукүні тексеруге апарса ішінде құрты бар, сол құрт қайдан пайда болды, құдықтан пайда болды. Міне, осыны әкімшілік ескермейді. Айтып та жатырмыз, жазып та жатырмыз, барып та жатырмыз... Біз 19-ғасырда жүрміз, шырағым.  

Сержан АЙТЖАНОВ, ҚЫЗЫЛЖАР ТҰРҒЫН АЛАБЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

Мегаполис болғанымызды қайтейік, жолдың мәселесін көрдіңіздер ғой өздеріңіз қандай боп жатқанын. Қайтіп жүреміз мына жолда, ертең жауын-шанын болады, қар жауады. Ешқандай көмек жоқ.  

Жолдың жыры бөлек тақырып. Шағалтасты да өзіміз төседік деген тұрғындар қоғамдық көлік мәселесінің өзектілігін айтты. Әсіресе қала мен жақын маңдағы мектептерге қатынап оқитын оқушыларға қиын. Ертелі-кеш автобусқа симай қалады. Қызылжар тұрғын алабы 2014 жылы Шымкентке көршілес аудандандардан қосылған он елдімекеннің бірі. Шенеуніктердің жауабы әзір. Жаңаталап ауылдық округіне қарасты бес елдімекеннің тіршілік нәріне құжат дайын деді.  

Нұрлан ТІЛЕШ, АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: 

Келесі жылға бюджетті нақтылау бойынша қазір тапсырыс беріп қойдық. 1,5 млрд теңгеге ауыз су жүйесіне құжаттарымыз дайын толық. Қызылжар тұрғын алабынан Көкбұлақ тұрғын алабына шейін біз 448 млн теңгеге магистарльді су жүйесін тартамыз бірінші. Оның бүгінгі таңда мердігер мекеме дайын. Сондықтан ол жұмысты бастау жылдың басынан бастаймыз.   

Қызылжарлықтар ауыз суға бұйртса келер жылы қол жеткізеді. Ал көшені асфальттау коммуникациялық жүйелерді толықтай жүргізуіне қарап тұрғанын алға тартып отыр. Шенділер қоғамдық көлік, жарық пен газдандыру ісі де жоспарда тұр деп сендірді.  

А.Төребекқызы