Негізгі / Жаңалықтар / Қазақстанда тек биылғы жарты жылда 70-ке жуық жасөспірім өзіне қол салған

Қазақстанда тек биылғы жарты жылда 70-ке жуық жасөспірім өзіне қол салған

Қазақстанда тек биылғы жарты жылда 70-ке жуық жасөспірім өзіне қол салған. Статистика комитетінің мамандарының есебі осындай. Ал ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдері суицидке баратын ауыл балалары деп отыр. Олардың құқын қорғауға арналған ЮНИСЕФ жиынынан Айя Мүтәлі тарқатады.   

Елде суицидке баратын жасөспірімдер әлі де азаймай тұр. Биылғы жылдың өзінде 100-ге жуық бала өмірімен қош айтысқан. Әсіресе, бұл тізімде Түркістан және Алматы облысының тұрғындары көш бастап тұр.  

Айгүл ҚАДЫРОВА, ЮНИСЕФ «ДЕНСАУЛЫҚ ЖӘНЕ ЖАСТАРДЫ ДАМЫТУ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:  

Суицидке әсіресе, ауыл-аймақтағы жасөспірімдер көбірек барады. Оның негізгі себебі, психолог мамандардың тапшылығы. Екіншіден, ауыл аймақтарда күн көрісі деңгейінің төмендігі. Отбасындағы бала-шағаның көп болуы да оған әсер етеді. Балалардың әрқайсысына дұрыс көңіл бөлмеу де себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, қазақстандық жасөсіпірімдер арасында психикалық ауытқу көп.  

ЮНИСЕФ-тің мәліметінше, отбасында балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық та белең алып тұр. Жыл сайын 1500-ден аса ата-ана құқығынан айырылады. Ең сорақысы, оның саны өсіп жатыр. 

Айсұлу БЕКМҰСА, ЮНИСЕФ БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ:  

Осыған дейін елдегі 49 пайыз бала отбасында зорлық-зомбылыққа ұшырап келгені белгілі болды. Өкінішке орай, үйдегі кикілжің соның ішінде қалып қояды. Ешкім де отбасындағы жанжалды сыртқа шығарып айтпайды. Оның куәгерлері болған адамдар да алдын-алу үшін құқық қорғау органдарына жеткізбейді. Біз үшін бұл үйреншікті жағдай. Ауыр қылмыс жасалғаннан кейін ғана белгілі болып жатады. Арнайы зерттеу кезінде осындай жағдайларды да анықтадық.

Қазақстанда білім алудан қағылып жатқан балалар жетерлік. Әcіресе инклюзивті сабақ беру жүйесі дамымаған. Бар болған күннің өзінде, мектеп ерекше күтімді қажет ететін балалардың барлығын қамти алмайды. Сондықтан олар үй жағдайында білім алуға мәжбүр. Бұл мүгедек балалардың ата-аналарына да ауыр тиіп отыр.

Светлана ШРЕЙДЕР, АТА-АНА:

Менің қызым үйде оқиды. Себебі, бізге бекітілген мектеп кішкентай. Ғимараттың орналасуы да біз үшін ыңғайсыз. Тек бірінші қабатта ғана еркін жүре аламыз. Баспалдақтың да салынуы стандартқа сай емес. Ары-бері өте алмаймыз. Жаңадан салынатын мектептерде осының бәрін ескерілсе екен деймін. Тағы бір мәселе - мүмкіндігі шектеулі азаматтарға деген көзқарастың өзгергенін қалаймын. Олар өздерін қоғамнан шеттетілгендей сезінбеулері тиіс.

БҰҰ мәліметінше, былтырғы жылы Қазақстанда өлген балалардың жартысын ажалдан арашалап қалу мүмкін болған. Оған медициналық қызметтің сапасыздығы мен вакцинациядан бас тарту себеп болғанын айтады.  

А. Мүтәлі