Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Қазақстандағы шетелдік жұмыскерлердің саны 2 есеге дейін қысқарады

AstanaTV
26.11.2019ж. 20:00
1908
Қазақстандағы шетелдік жұмыскерлердің саны 2 есеге дейін қысқарады

Келер жылдан бастап шетелден келіп жұмыс істейтін қызметкерлер мен қазақстандықтардың айлығы теңестіреледі. Бұған қоса, шетелдік жұмысшылар саны 2 есеге дейін қысқартылады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Үкімет үйінде мәлімдеді.

Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:


Бүгінде Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартатын 2200 кәсіпорын бар. 50 мың шетелдікке ел аумағында қызмет етуге квота бөлінген. Еңбек теңсіздігінен туындаған даулардан соң министрлік тексеріс жүргізді. Кейін бұл деректер расталды.

Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Шетелдіктер мен жергілікті жұмыскерлердің арасындағы жалақы балансы сақталмаған 474 факті анықталды. Оларға қарсы шаралар қолданылды. Көші-қон заңнамасын бұзған 393 шетелдік елден шығарылып, қайта келуіне тыйым салынды. 


Үкімет зейнетақы қорына жиналған қаржыны тұрғын үй алуға және кедейшілік жағдайында тұрып жатқандарға көмек ретінде беру ұсынысын да қарастырып жатыр.

Бердібек  САПАРБАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір барлығын зерттейміз, есептейміз. Содан кейін жылдың аяғына дейін біз ұсыныс береміз. Барлық мәселе сол жиынтыққа байланысты болады. Кімнің жиынтығы жетеді, ертең ол зейеткерлікке шыққан кезде қиналмай өмір сүруі үшін, соларға беріледі.

Әлихан АСҚАРҰЛЫ, ТІЛШІ:

Көпті алаңдатқан атаулы әлеуметтік көмекті беру тәртіптері де өзгереді. Жәрдемақыға іліккен азамтаттар қосымша табыс тапса, онда 10 күн аралығында жергілікті жердегі өкілетті органға есеп беруі керек. Олай жасамаған жағдайда, тағайындалған әлеуметтік көмек тоқтатылады. Сондай-ақ, іріктеу кезінде ресми жалақысын жасырып қалғандар алған қаражаттарын қайтаруы қажет.

Ә. Асқарұлы