Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қостанайлық кәсіпкер атқарылған жұмыстың қомақты қаражатын ала алмай жүр

AstanaTV
26.11.2019ж. 20:00
1844
Қостанайлық кәсіпкер атқарылған жұмыстың қомақты қаражатын ала алмай жүр

Сексен миллионның сергелдеңі. Қостанайлық кәсіпкер Малик Бұтабаев жарты жылдан бері қалалық әкімдікті жағалап, атқарған жұмысының ақысын ала алмай жүргенін айтады. Жергілікті мердігер орталық саябақтың аркасын жаңартып, жаңа архитектуралық иінді дер кезінде орнатқан. Десек те,шаһар билігі жаңғыртылған доғал қақпа жұмыстарын қабылдамақ түгілі әуелгі келісім-шартты заңсыз деп тануға талпынып отыр. Қос тараптың уәжін тілшіміз Заңғар Санай тыңдап қайтты.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Даудың басы осы орталық саябақтағы доғал қақпадан шығып отыр. Шаһар билігі 140-жылдық мерейтой қарсаңында арканы жаңғыртып, ескіні өзгертуге шешім қабылдаған. Және жергілікті бюджетен 80 миллион теңге бөлген.

Сол тұста тендерді «Сервис КСТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұтқан көрінеді.Құрылыс жұмыстарына бірден кіріскен мердігер маңайды қоршап, көнені қиратып Шымкенттен құрылыс материалдарын әкеледі. Ені жүз метрлік құрылыс нысанын енді сала бастағанда, тапсырыс беруші  яғни  қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі келісім-шартта қателік кеткенін жеткізіп, жұмысты доғару керектігін айтқан. Алайда Малик Бұтабаев орта жолда жұмысты тоқтатпай, қарызға қаражат алып нысанды толық салып шыққан.

Малик БҰТАБАЕВ,КӘСІПКЕР:

Бюджеттен бөлінген қаражат қолға тимеген соң қарызым қалыңдап кетті. Құрылыс материалдарын алған жергілікті және өзге де өңірдегі компанияларға қарызды қайтара алмай отырмын.Және жұмысшылардың айлығын бере алмай қалдым.

Арканы жаңғыртуға отыздан астам жұмысшы тартылған.Олар да 6 миллионан астам еңбекақысын ала алмай жүр. "Кәсіпкер мұндай жағдайға өзі тап болды. Келісім-шартты бұзу үшін бірнеше рет ескерту  хат жолдадық.Бірақ мердігер оны ескерген жоқ.Нысанды толық бітіріп салды" ,-дейді билік өкілдері.

Алексей ТАРАСОВ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Бұл жағдайға мердігердің өзі тап болды.Арканы енді ғана бұза бастаған кезде ескерту хат жолдадық.Сол кезде құрылыс жұмыстарын тоқтатып, біздің талапты орындағанда, осындай жағдай болмас еді.

Билік пен кәсіпкердің дауы сотта қаралып жатыр. Қалалық сот жұмысты толық атқарған мердігерді ақтап шықты.Алайда тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі аппеляциялық шағым түсірген көрінеді.Сексен миллионның тағдыры енді желтоқсанның 4 күні шешілмек.

З. Санай