Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Шетелдік инвесторлар Тобыл өңірінде жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр

AstanaTV
06.12.2019ж. 20:00
1959
Шетелдік инвесторлар Тобыл өңірінде жұмыс істеуге қызығушылық танытып отыр

«Kazakh Invest»-инвестициялық игіліктің кепілі. Ұлттық компанияның қолдауымен Қостанай облысында биыл 3 жоба жүзеге асты. Келер жылы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайтын ет өңдеу кешені іске қосылмақ. Инвесторлар аймақтың экономикалық ахуалы мен логистикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалап отыр.

Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған диірменге түрік инвесторы төрт миллиардқа жуық қаржы салған. Оның қуаттылығы тәулігіне 1200 тонна. Мұнда ұн түгілі бидайдың сапасын бірден анықтайтын зертханасы да бар.

Алмагүл КҮНТУАРОВА, ЗЕРТХАНА ЖЕТЕКШІСІ:

Біз мында зертханада барлығын қадағалаймыз, тексереміз. Ұнның қамырлығы, иілмелі болуы бізге өте маңызды. Себебі бұл сапаның негізі болып саналады.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде инвестициялық жобаға 10 пайыздық демеу қаржы бөлінген. Оған қоса екінші деңгейлі банктен алынған несиенің 10 проценттік мөлшерлемесін де Үкімет өз мойнына алыпты.
 
Видади ЮСУБОВ, «БЕСТ КОСТАНАЙ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Соңғы жылдары көптеген Түрік компаниялары Қазақстанға инвестиция салды. Өйткені Үкімет тарапынан қолдау бар. Жыл сайын әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып жатыр.

Ал ресейлік инвестор астықты аймақта «Беларус» тракторын құрастыруға бел буған. «Композит Групп» бір жылдың ішінде екі жүзден астам техника жасаған. Қостанайда құрастырылған тракторлар енді Орта Азия елдеріне экспортталады.

Андрей ГОМАЮНОВ, «КОМПОЗИТ ГРУПП» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Алдағы уақытта кабинаны құрастыру және бояу жұмыстарын қолға аламыз және МТЗ тракторының соңғы үлгідегі кабинасы толық осында жасалып, орнатылатын болады.

Транспорттық-логистикалық мүмкіндіктердің арқасында тағы бір  инвестор Тобыл өңірінде тонналап арматура өндіріп отыр. Ағымдағы жылы 67 мың тоннадан астам темір өнімдерін сыртқа шығарған.
Қостанай облысындағы өндірісті дамытуға ниет білдірген шетелдік инвесторлар «Kazakh Invest» ұлттық компаниясымен қоян-қолтық жұмыс істейді. Компания өкілдері құны 839 миллиард теңгені құрайтын 14 жобаға жіті назар аударып, оның жүзеге асуына атсалысып отыр.

Ілияс АМАНБАЕВ, «KAZAKH INVEST» ҰК ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Мемлекеттік органдар мен инвесторлар арасындағы бітімгер бола отырып, қызметімізді ұсынамыз. Қандай да бір рұқсат құжаттарын алуға көмектесеміз. Инвесторларға инвестициялық алаңдарды таңдап береміз. Сонымен қатар шетелдік инвесторларға визалық қолдау көрсетеміз.

Ал, келесі жылы аймақта құны 12 миллион АҚШ долларын құрайтын ет өңдеу кешені іске қосылмақ.Комбинат жылына 20 тонна өнім шығармақ.

З. Санай