$494.87 €520.65 ₽4.91
×

7 мыңнан аса ипотекалық борышкерге көмек көрсетіледі

AstanaTV
25.12.2019ж. 20:00
3263
7 мыңнан аса ипотекалық борышкерге көмек көрсетіледі

Баспана аламын, деп қарызға батқандарды қайта қаржыландыру тағы бір жылға ұзартылды. Өзге валютамен үй сатып алған тұрғындардың қарызын қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ұлттық банк тағы жеті мыңнан аса борышкердің борышын өтейтін болды. Тақырыпты тілші тарқатады.

Алматылық Динара Мухамадиева осыдан 13 жыл бұрын жиырма екі миллион теңгеге екі бөлмелі пәтер сатып алған. Ипотекалық борыш доллармен есептелгендіктен берешегі екі есеге артып кеткен. Жалғызбасты ананың осыған дейінгі төлеген ақшасы тек банктің пайыздық өсімін ғана жабуға жеткен.

Динара МУХАМАДИЕВА, БОРЫШКЕР:


Мен жиырма екі миллионды төлеп бітірдім. Алайда, қарыздың қалғаны тағы 22 миллион болып тұр. Оны енді төлеуге қабілетім жетпейді. Сондықтан үкіметтің қайта қаржыландыру бағдарламасын күтіп жүрмін. Өйткені осыған дейін төлеген ақшаның барлығы желге ұшуы мүмкін.

Проблемалық ипотекаларды қайта қаржыландыру бағдарламасында әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасылар басты назарға алынған. Алдағы бір жылда 7355 борышкердің 44,6 млрд. теңге бершегі қайта қаржыландырылады. Мұндағы валюта бағамы 2015 жылғы деңгеймен яғни, бір доллар 188 теңге бағамымен есептелмек.

ҚР ҰЛТТЫҚ БАНКІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:


Банктің балансында тұрған тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару мақсатында борышкерге тұрғын үйді кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жалға беру құқығы беріледі. Бұл шаралар бұрын қайтарымды негізде бөлінген қаражат шеңберінде жүзеге асырылып, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.


Бұл Ұлттық банк тарапынан жасалған үшінші қайта қаржыландыру кезеңі. Бірінші кезеңде борышкерлерді қолдауға 130 млрд. теңге бөлінген. Екінші кезеңде өтемақы ұлғайтылып, 28 мың адамның берешегі төмендетілді. Сарапшылар болса, көмекке зәру тұрғындарды іріктеп алу жобасы дұрыс жолға қойылған, дейді.

Мақсат ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл жерде нақты талаптар қандай болды, мәселе сонымен байланысты сияқты. Өйткені, шешімді түптеп келгенде екінші деңгейлі банктердің құзіретіне қалдырып отыр. Бұл алдағы уақытта қаншалықты әділ қарастырылатын болады, көмекке зәру адамдарға көмек жасалады ма деген үлкен сұрақ туындайды.


Валюталық ипоткалық қарыздарды қайта қаржыландыру алдағы жылдың соңына дейін ұзартылды. Әлеуметтік аз қамтылғандардың өтініштерін әкімдіктер жеке-жеке қарайтын болады. 

А. Кемелжан