$494.87 €520.65 ₽4.91
×

«Оff-line демалыс-2» фильмі жарық көрді

AstanaTV
26.12.2019ж. 20:00
6016
«Оff-line демалыс-2» фильмі жарық көрді

«Оff-line демалыс» кинотуындысының 2-бөлімі жарық көрді. Жаңа бөлімде актерлық құрам өзгерген. Биыл наурыз айында ғана көрерменге жол тартқан бұл кинокартина балаларға ғаламторсыз демалыс сыйлау қажеттігі туралы ой тастайды. Қала балаларын қазақша сөйлетіп, оларды ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстырады.

Жыл басында ғана көрерменді күлдіріп отырып, ой тастаған «Оff-line демалыс» фильмі өз жалғасын тапты. Мұнда бір минутын телефонсыз, ғаламторсыз елестете алмайтын балаларды, сол шырғалаңнан шығару жолы көрсетілген. Кинокартинада, әсіресе, жас таланттарды танытуға басымдық беріліпті. 16-жастағы Мағжан Хамит бас кейіпкердің бірін сомдайды. Ол бұл жолы "көрермен мені басқа қырымнан танитын болады", дейді.  

Мағжан ХАМИТ, ЖАС АКТЕР:

Менің рөлімде бірінші бөлімде мен байдың баласының рөлін ойнадым. Ал екінші часте мен уже романтикпін. Бір қызға ғашық болып қаламын. Сәл ұялшақ балының рөлін ойнаймын. Сәл айырмашылығы бар. Жақсы ойнадым деген ойдамын. Халыққа ұнаса.

Оқиға желісі  - өз кәсібін ашпақшы болған үш студент достың арасында өрбиді. Тамыр-танысы жоқ жігіттер қала балаларына арналған этно-лагерь ашады. Қызығы, лагерь бас кейіпкердің ауылдағы өз үйінде. Мұнда тәрбиешінің орнына өз достары, аспаздың орнына құрылысшы, дәрігердің орнына ветеринар қызмет етеді. Тәртіп те ерекше. Балаларға ұялы телефон ұстауға тиым салынған. Алайда, екі дос жазғы лагерь маусымы басталмай жатып сөзге келіп, екі жаққа бөлініп кетеді. Тәрбиеленушілері де олардың соңынан ереді. Қос лагерь арасындағы қызыққа толы бақталастық та осы жерден басталады.

Еламан ЕСЕНТАЕВ, АКТЕР:


Жаңадан актерлар қосылған. Көп актерлар ауысқан. Фильмде Дастан рөліндемін. Дастан, сол баяғы Дастан болып қалған. Орысша сөйлеуі қиындау. Күлкілі. Ақ көңілдігіміз ғана жақын. Ал былай қатты аңқау емеспін. Орысшам да қатты жаман емес.

Фильм 1 айдан астам уақыт Алматы облысы мен Нұр-сұлтан қаласында түсірілген. Жас актерлерді іріктеу 3-айға созылған. Әсіресе, кино жетекшілеріне балаларды түсірілім алаңына жіберу үшін ата-анамен келісу қиынға соғыпты. Тағы бір қызығы, олар фильмдегідей жазғы лагерьді биыл шынымен де аштық деп отыр.   

Руслан АКУН, ФИЛЬМНІҢ КРЕАТИВТІ ПРОДЮСЕРІ:


Бірінші бөлім жарыққа шыққаннан кейін бізде шынымен де осындай лагерь неге құрмасқа деген ой туды. 35 баладан 4 паток қабылдадық. Балаларға ұнағаны соншалық, олар жазғы лагерьден кеткісі келмеді.  Ата-аналардың өзі оларға ауылдың ұнағанына таң қалып жатты. Сосын біз екінші бөлімнің түсірілімін сол лагердің ішінде жасадық.

Комедияға толы туынды 1,5 сағатқа созылса да, көрермендердің  көңілінен шықты. 
 
БЛИЦ:

-Кино керемет. Бізге ең бірінші сериясы да, бірінші бөлімі де ұнаған. Идея негізі керемет. Продюсерлерге көптен көп рақмет айтамын.

-Қала балаларын қазақ тілінде сөйлетіп, салт-дәстүрін үйретуге арналған фильм болғандықтан, қатты көңілімізден шықты.

-Адамды мейірімділікке тәрбиелейтін отбасылық фильм. Көруге кеңес беремін!


Кино авторлары фильм тағы да өз нәтижесін берсе, жалғасын түсіреміз деп отыр. Жаңа туындыны бүгіннен бастап барлық кинотеатрлардан тамашаулаға болады.

А. Мүтәлі