Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыдағы жантүршігерлік апаттан 66 адам жапа шегіп ауруханада жатыр

AstanaTV
27.12.2019ж. 20:00
4236
Алматыдағы жантүршігерлік апаттан 66 адам жапа шегіп ауруханада жатыр

Алматыдағы жантүршігерлік апаттан зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қаладағы бірнеше ауруханаға бас-аяғы 66 науқас жеткізілген. Олардың арасында кішкентай балалар да бар. Құзырлы орындар қазіргі уақытта қаза тапқандардың саны 12 адамға жеткенін хабарлады. Әсем Лесбектің репортажы. 

Әсем  ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:


Таңғы сағат жетілер шамасында Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған «Bek Air» компаниясының ұшағы биікке көтеріле алмай, қирады. Әуе кемесі қала сыртындағы Гүлдала ауылының маңына құлаған. Кейіннен мегаполистың барлық құтқарушылары мен құзырлы орган өкілдері апат болған аймаққа шұғыл жиналды.
 
Содан бері бақилыққа аттанғандар мен жараланғандар саны сағат санап өсе бастады. Соңғы ақпарат бойынша оның 12 адам көз жұмды. Құзырлы орындардың хабарлауынша жалпы бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Жарақат алғандардың саны 66-ға жуықтайды. Қаладағы ең білікті деген ақ халаттылар таңнан бері аяқ-қолы сынып, мертіккен жолаушылардың жанына араша түсудеміз дейді. Әуе апатынан зардап шеккендердің алғашқы легі төртінші  қалалық ауруханаға жеткізілген.
 
Айман БАЙЗОЛДАНОВА, № 4 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРДІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
 
Таңғы сағат сегізден бастап жедел - жәрдеммен 19 науқас жеткілді. Екі науқас мерт болды. Қалған алты адамға ота жасалынып қазір бөлімшелеріне жатқызылды. Науқастардың бәріне жедел көмек көрсетіліп жатыр. Сегіз науқас жан сақтау бөлімшесінде. Мидың шайқалуы және қол аяқтары сынғаны сондай өте ауыр жағдайда жеткізілген науқастар.

Ал жараланған жеті баланың арасында төрт айлық нәресте де бар. Басына зақым келген сәби балалар ауруханасында жатыр. Таң атқалы бері ауруханалар іші азан-қазан. Жақындарын іздеп, сары уайымға салынған жұрт үшін мұнда медициналық және психологиялық көмек көрсететін штаб та құрылды. Зардап шеккендер арасында ауған соғысы ардагері, жазушы Марат Тоқашбаевтың 36 жастағы туысы да бар.

Марат ТОҚАШБАЕВ, ЖАЗУШЫ:

Жолаушылардың ішінде туысқанымыз інімнің баласы бар екен. Айбар іс сапарға бара жатқан ғой Алматыдан Астанаға бара жатқан. Өкінішке орай сол сапар аяғын дейін жетпей аяғы сынған, басынан қатты соққылар алған бет-аузы көгерген. Бірақ ең бастысы тірі.


Қазір күллі елді қара жамылдырып, қабырғаны қайыстырған апаттың себебін анықтауға арнайы комисия да құрылған. Премьер министрдің орынбасары Роман Скляр алғашқы болжамды да айтты. Маман ұшақ апаты пилотының қателігінен немесе техникалық ақаудан болу мүмкін дейді. Ал Bek Air ұшағы көкке көтерілген жолақ жабылған. Әуе компаниясының өкілі ұшқыш білікті маман екенін айтып отыр.

Қазбек БЕКТІЖАПАРОВ, «BEK AIR» ӘУЕ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:


Ұшқыштардың жағдайы да денсаулығы да жақсы болған. Соңғы уақытта не болғанын нақты тілмейміз. Ал апатқа ұшыраған лайнер 23 жыл бұрын шыққан.  

Ал Алматы әуежайының президенті дәл осы жолақтан үш минут бұрын «Эйр Астана» әуе компаниясының ұшағы Мәскеуге жол тартты, бәрі жақсы болған деп отыр.
 
Әсем ЛЕСБЕК, ТІЛШІ:

 
Қазір Алматы халықаралық  әуежайы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тек Bek Air компаниясына тиесілі барлық ұшақ оқиғаның мән-жайы белгілі болғанға дейін көкке көтерілмейді.

Ә. Лесбек