Бұқтырма суқоймасына көпір салынатын болды. Оған 32 миллиард теңге республикалық қазынадан бөлінуі мүмкін. Бұл туралы жергілікті билік хабар таратты. Ұзындығы 1 мың 300 метр, ал ені 13 метр болатын көпір құрылысы жазда бастамақ. Жаңа өткел "Бұқтырма" суқоймасының Күршім ауданы Құйған ауылы тұсындағы енсіз жерінен бой көтереді. Аймақ басшысы мәселені ел президентінің өзі тікелей бақылауына алғанын жеткізді.
Даниал АХМЕТОВ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Біз Еуропа банкімен жұмыс істеп мүмкін сол жақтан өте пайдалы несие аламыз екіншіден тікелей республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Осы меселемен мен премьер-министрмен әңгімелестім.
Айта кетейік, бұл жоба Шығыс Қазақстан облысы үшін өте маңызды. Өйткені өңірдің 6 ауданының тұрғындары жарты ғасыр бойы пароммен қатынап келеді. Биыл қолда бар екі паромның бірі істен шығып, пайдалануға мүлдем жарамай қалды. Енді жолаушылар арғы бетке өту үшін бірнеше сағат бойы кезекке тұруға мәжбүр. Сарсаңға салған суқоймаға көпір салу мәселесі соңғы он жылдан бері көтеріліп келеді. Бірақ инвесторларды бұл іске қыруар қаржының керектігі шошытты. Дегенмен, Түркия, Жапония мен Қытай елінің компаниялары қызығушылық танытқан. Бүгінде көпір құрылысының жобалық-сметалық және тендер құжаттары дайын.
Е. Карин