$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ақмола облысында жұмысы тоқтатылған зауыт заңсыз жұмыс жасап жатыр ма?

AstanaTV
10.01.2020ж. 20:00
3069
Ақмола облысында жұмысы тоқтатылған зауыт заңсыз жұмыс жасап жатыр ма?

Ақмола облысында сотпен тоқтатылған зауыт, әлі күнге жұмыс істеп келеді. Редакциямызға хабарласқан Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғындары осыны айтып шағымданды. Айтуларынша "Aклер групп" ЖШС 2017-ші жылы ашылған. Ол медициналық қалдықтардың көзін жоюды өзіне міндет етіп алған. Зауыт, қалдықтарды арнайы пеште өртеп отырған.  Одан тараған түтін экологияны ластайтындықтан, сот-  желтоқсанның 30-ы күні кәсіпорынды жабуға шешім шығарған. Алайда тұрғындар 6-ншы қаңтардан бастап, зауыт өртеу жұмыстарын жалғастырып жатқанын айтты. Тыңдайық. 

Көпей БЕЙСЕНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Заводта жақпайтын нәрсе жоқ. Укол, шприцы әйдердің босанғаннан кейінгі қалдықтарын, аяқ-қолдар барлығы кесілген барлық қан-жындардың барлығы жағылады бұл жерде. Осы ауамен тарап СЭС-тің қорытындысы бойынша 5 есе көп ауада. Сот процесі болғаннан кейін 10 күн ғана тоқтаттыдағына қайта жақты. 6-нан бастап түнде жағып жатыр, таң атқанша жағады.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Осы мәселеге байланысты Целиноград аудандық атқамінерлерімен байланысып көрейік. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әбсаттар Иса бізбен тілдесуге дайын.  Қайырлы кеш, Әбсаттар Үкібайұлы! Тұрғындардың шағымын естіген боларсыз? Сот жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдады емес пе?

Әбсаттар ИСА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Иә, қабылдады. Басқарма тарапынан Ыбырай Алтынсарин ауылының тұрғындарының шағымына байланысты, біршама түбегейлі жұмыстар жүргізгенбіз. Оларды тексеріс жұмыстарымен қамтып, анықталған деректерге байланысты әкімшілік кодекстің 4 түрлі бабына байланысты әкімшілік жауапқа тартқан болатынбыз. Содан соң қосымша кемшіліктерді жою ұйғарымының орындалмауына байланысты қайта тексеру ұйымдастырдық "Аклер групп" компаниясына. 

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Әбсаттар мырза, зауыт жұмысын жалғастырып жатыр. Әрі қарай, не болады? Қанша уақытқа дейін жұмыс істейді?  Сіздер тарапынан қандай шара қолданылады? 

Әбсаттар ИСА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Сотқа жолдағанбыз зауыттың жұмысын тоқтатуға байланысты.  Ол зауыттың жұмысына 2019 жылдың 4 желтоқсанында шешім шыққан, Енді біршама уақытқа дейін соттың шешімін орындап келді да, жаңа жылдан бастап тұрғындардың шағымына байланысты, қаңтар айының 6-сынан бастап қайта жағу жұмыстарын бастап отырған секілді.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Ол бізге белгілі. Енді сіздер қандай шара қолданасыздар? Бұл зауытты жабу керек қой?


Әбсаттар ИСА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біз жұмысын тоқтату жөнінде шешім қабылдағанбыз. Енді қайтадан шағым ұйымдастырамыз да, сотқа қайтадан шешім қабылдаймыз. Ол жерде тұрғындардың ортасында ол пештер жағылмайтын болады. Осы жұмысты тоқтату үшін барлық жұмыстарды істейтін боламыз. Міндетті түрде. Ол атмосфералық ауаға көптеген көрсеткіш бойынша ауытқуда. Артық мөлшерде ауытқулар бөлініп отыр. 

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:


Иә, демек зауытты жабу мақсатында сотқа қайта шағымданасыздар. Қолдан келген барлық шаруаны атқарасыздар ғой?

Әбсаттар ИСА, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНДЫҚ ТАУАРЛАР МЕН КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІГІН БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Міндетті түрде. Компания ол жерде жұмыс істеуге тиесілі емес болады. Өйткені олар өздерінің арыздарынан артық уақыт жұмыс істеп отыр. Екі пештің орнына үш пешті қосып. Ауаны ластап олтыр, бір сөзбен айтқанда.

Оксана ПЕТЕРС, ТЕЛЕЖҮРГІЗУШІ:

Сұхбатыңызға рақмет! Байланыста болған Целиноград аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әбсаттар Иса. Тұрғындардың мәселесі жақын арада шешіледі деп сенеміз. Біз де бұл жағдайды өз бақылауымызға аламыз. Қымбатты көрермен, сіздің де мәселеңіз болса, хабарласыңыз! Біз сізбен бірге тікелей эфирде жауап іздейміз.

А. Данияр