$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Нұр-Сұлтан маңында 100-ге тарта жүк көлігі жолда қалған

AstanaTV
31.01.2020ж. 20:00
2543
Нұр-Сұлтан маңында 100-ге тарта жүк көлігі жолда қалған

Елорда маңында 100-ге тарта  жүк көлігі бір аптадан бері қозғалыссыз тұр. Бұған боранның үйытқуы себеп болған. Ал, көлік жүргізушілері көмек күтіп, жол бойында қалған. Қаһарлы қаңтардың қақаған аязында күнелтіп жүрген жүргізушілер жайлы әріптесім тарқатады.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:
 
Біз қазір Нұр-Сұлтан - Павлодар тас жолының шығаберісінде тұрмыз. Қаз-қатар тізілген 100-ге тарта жүк көлігі 25 қаңтардан бері жол жиегінде тоқтап тұр. «Қазақавтожол» серіктестігінің өкілдері Ақмола облысын қардан тазартуға 400-ге жуық техника жұмылдырылғанын айтты.


Ақ түтек боран тоқтағанымен, зардабы әлі толастамады. Жолда қалған 100-ге жуық жүргізушінің де жағдайы осы. Олар жолдың әлі қардан тазартылмағанын айтады. Салдарынан ешқайда қозғала алмай отыр. Көмек күтіп, тағаты таусылған жүргізушілердің күре жолда түнегеніне міне 6-шы күн. 

БІРІНШІ ЖҮРГІЗУШІ:
 
Олар нақты жауап бермей отыр. Кеше кешкі 8-де ашылады деп еді. Одан кейін таңғы 9-да деді. Қазір түс болды әлі қозғалмадық.

ЕКІНШІ ЖҮРГІЗУШІ:

Міне тұрмыз. Машинам  қатып қалған. Жылытып әлекпіз. Мемлекет ешқандай көмек көрстепейді.

Ал Валерий Куперман ұзақ жолға Алматыдан шыққан. Ол көрші Ресейге тауар жеткізуі тиіс. Жеткізу мерзімінен кешіккен жүргізушіге, енді айыппұл салынуы мүмкін.

Валерий КУПЕРМАН, ЖҮРГІЗУШІ:


Жол тазалаушылар күн сайын, ертең-ертеңмен уақыт өткізіп жүр. Мұнда азық-түлік, жеміс, гүл тасымалдайтын көліктер көп. Құтқарушылар келіп жанармай беріп кетті. Бірақ, қанша уақытқа жететінін құдай білсін.

Ішер асы мен жанармайы таусылғандарға жәрдем беруші жақын маңдағы Қоянды ауылының тұрғындары ғана. Төтенше жағдай қызметкерлері болса, бір рет қана келіп кетіпті.

Иван ХАРЧЕНКО, ЖҮРГІЗУШІ:

Жергілікті ауыл тұрғындарына үлкен рахмет. Олар жолдан өткен сайын жағдайымызды сұрап тұрады. Міне, бүгін түнде үш рет нан мен су ұсынды. Қалың киім әкеліп, көмек көрсетіп жүр.


Ал, жолға жауапты «Қазақавтожол» серіктестігінің директоры қардан тазарту жұмыстары қиынға соқты деп отыр. Айтуынша, күре жолдардағы қардың биіктігі 4 м-ге дейін жеткен. Республика бойынша 700 техника жұмылдырылыпты. Оның жартысынан көбі Елорда маңында жұмыс істеп жатқанын айтады. Өздерінің де үй бетін көрмегеніне бір аптаға жуықтапты.
 
Дәурен ҚАЙЫПОВ, «ҚАЗАҚАВТОЖОЛ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:


Ең басты қиындық туғызған жүргізушілердің өздері. Боран басталса да, жолға шығып кеткен. Жолда көліктерін қалдырып кеткендіктен, арнайы техника көліктерді мыжып кетуі мүмкін. Сондықтан осындай көліктерді шығару арқылы екі жұмыс жасадық. Осыған байланысты жұмыс бәсеңдеу жүріп жатыр.


Материал эфирге әзірленіп жатқан кезде, «Қазақавтожол» өкілдерінен хабар келіп түсті. Жүргізушілердің жанайқайын ескерген серіктестік жолдың бір бөлігін тазартып үлгерген.Қаңтарылған жүк көліктерін әзірге сол жолмен жіберіпті. Ал екінші бетін бірнеше күнде аяқтайтынындарын жеткізді.

Ғ. Өтемісов