$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары шұрық-тесік шатырдың зардабын тартып отыр

AstanaTV
20.02.2020ж. 20:00
2670
Қостанайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары шұрық-тесік шатырдың зардабын тартып отыр

Қостанайда көпқабатты үй тұрғындары шатырдан аққан судың зардабын айтып, шағымданды. Баспанадағы дымқыл ауадан денсаулығы нашарлап, демікпе дертіне шалдыққандар бар. Кооперативтен еш қайыр болмаған соң, пәтер иелері шаһар билігінен көмек сұрап отыр. Төбесінен су тамшылаған тұрғындардың талап тілегін Заңғар Санай жеткізеді.

Бородин көшесінің бойындағы нөмірі 144 көпқабатты үйдің көрінісі осы. Ақпан айында төбеден аққан су пәтердің қабырғасын көгертіп, төменгі қабаттарға тамшылауда. Светлана Бородкина сан мәрте кооперативке жүгініп, шұрық-тесік шатырдың мәселесін көтергенін айтады. Екі жылдан бері қайыр болмаған.

Светлана БОРОДКИНА,ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Екі жыл бұрын ақырындап төбеден тамшылай бастады. Галия Борисовнаға ескерттік. Енді міне екі апта бұрын тұсқағаздар түгел түсіп қалды. Енді мұны қалай істейтінімді білмеймін. Үй дымқылданып кетті.


Жарты ғасырға жуық жөндеу көрмеген төбедегі шұрық тесік жыл сайын жамалады. Бірақ мәселе түбейгелі шешілмей тұр. Ал, күрделі жөндеу жүргізу үшін кем дегенде 15 миллион теңге керек. Қомақты қаражат кооперативте жоқ.

Галия ЫСМАҒҰЛОВА, «ВОСХОД» ПИК ТӨРАЙЫМЫ:

Мамыр айында шатырдың тесілген жерін жамаймыз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені үйдің төбесі әбден құрғау керек. Жамау жұмыстары да күн ашық кезде жүргізілуі тиіс.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

5 қабатты үйдің шатырын қалың қар басқан. Дәл қазір оны тазарту мүмкін емес -дейді пәтер иелері коопертивінің өкілдері. Соған қарағанда тұрғындардың төбесінен сәуір айына дейін су ағатын түрі бар.

Шатырды жаңалау үшін әуелі тұрғындар кондоминиум жасауы қажет дейді -,қалалық билік өкілдері.

Индира ИСЕНОВА, ҚОСТАНАЙ қ. ТҰРҒЫН-ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ:

Бұл үйдің шатырын күрделі жөндеуден өткізу үшін кондоминиум жасап, тіркеу керек. Содан кейін тұрғындар жаңғырту бағдарламасы бойынша немесе мақсатты қаражат жинай алады. Тіпті өздері мердігерді таңдап, жөндетіп алуына болады.

Тұрғындар сәуір, мамырға дейін қалай шыдайтындарын білмей дал. Тым құрығанда шатырды қардан тазартсын деген талап-тілектерін жеткізді.  Дымқыл үйден дертке шалдыққандар аз емес. Арасында ауған соғысының ардагерлері де бар. Кейбір тұрғындар кішкентай балаларын ауылдағы  ағайын-туысына жіберуге мәжбүр.

З. Санай