Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қостанай облысында медициналық сақтандыру аясында 37 оңалту орталығы жұмыс істейді

AstanaTV
21.02.2020ж. 20:00
2845
Қостанай облысында медициналық сақтандыру аясында 37 оңалту орталығы жұмыс істейді

Қостанайда қаңтар айынан бері тегін оңалту орталықтары жұмыс істеуде. Игі бастама әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асып отыр. Облыстық аурухана жанынан ашылған бөлімшеде қазір 19 адам ем-дом қабылдауда. Науқастардың көбісі инсульт алғандар. Олар оңалту орталығында он күннен астам тегін емделіп, дәрігер мамандардың қалпына келтіру курстарына қатысады.

Андрей Белицкий бір ай бұрын инсульт алып, ауруханаға ауыр халде түскен. Білікті дәрігерлердің арқасында аман қалғанын айтады. 49 жастағы жеке кәсіпкер он күннен бері оңалту орталығында ем қабылдап жатыр.Осындағы емдік шараның екінші кезеңі еңсемді көтеріп, денсаулығымды едәуір жақсартты ,-дейді ол.

Андрей БЕЛИЦКИЙ:

Бұл бөлімшеде ағзаңды қалпына келтіру үшін барлық жағдай жасалған. Қан қысымыңды күніне екі-үш рет өлшейді. Массаж. Аяғыңа арнайы терапия жасайды. Логопед маман кеңес береді. Әйтеуір күні бойы түрлі емдеу шаралардан босамайсың. Қазір жағдайым өте жақсы. Үйіме барғым келеді.

Жалпы қаңтардан бері аймақта 52 адам қаралып, емделіп шыққан. Оңалту бөлімшесі сауықтыру және науқасты қалпына келтіруге қажетті құралдармен жабдықталыпты. Білікті мамандар да топтастырылған. Науқастар әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша тегін емделеді.

Айнұр ТҰРЛЫБЕКОВА, МЕДИЦИНАЛЫҚ ОҢАЛТУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Бұған дейін екінші кезеңдік емделу орталығы облыста болған емес. Сондықтан инсульт алған адамдар бірінші кезеңнен кейін үйіне жіберілетін. Олар оңалту шаралары дегеннің не екенін де білмеді. Енді міне үлкен мүмкіндік туып отыр. Науқастар емдік дене шынықтыру, механотерапия, массаж, эрготерапия, физиотерапия секілді түрлі емдік шаралар қабылдайды.

Өткен жылы өңірде жалғыз оңалту орталығы жұмыс істесе, биыл оның саны облыс бойынша отыз жетіге жетті. Игі бастамаға қарастырылған қаражат та қомақты.

Батырбек НҰРҒАЛИЕВ, «ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

2020 жылдан бастап оңалту қызметтеріне медициналық сақтандыруды енгізу есебінен қаржыландыру айтарлықтай ұлғайып келеді. Өткен жылы қаржыландыру 83 миллионды құрады. 2020 жылы 2 миллиард 131 миллион теңгеге жетті. 25 есеге артты.

Облыстық аурухана жанынан ашылған бөлімше 20 адамға арналған. Олардың ем қабылдау уақыты 14 күнге жалғасады. Оңалту орталығының басты межесі тұрғылықты мекен жайы бойынша емделушілерге сапалы әрі тегін қызмет көрсету ,-дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өкілдері.

З. Санай