Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте,- Е.Тұрғымбаев

AstanaTV
25.02.2020ж. 20:00
3464
Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте,- Е.Тұрғымбаев

Көктемгі су тасқынына дайынбыз деп айтуға ерте. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бүгін осылай деді. Ттасқын кезінде 609 елді-мекен, 675 тасжол мен 259 теміржол су астында қалуы мүмкін. Төтенше жағдай мамандары не дейді? Қай аймақтарда қауіп күшейген? Әріптесім Асылбек Данияр сабақтайды.

Күн жылып, қар еритін сәттің ауылы да алыс емес. Биылғы түскен қардың мөлшері де жылдағыдан 40 %-ға көп. Мамандар мұны рекордтық көрсеткіш деп бағалаған болатын. ГРАФ: Судың астында қалуы ықтимал аймақтардың қатарында Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстары бар.

Жалпы қыс басталғалы, республика бойынша 9 миллион текше метрге жуық қар шығарылыпты. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының су тасқынына дайындығы көңіл көншітпейді дейді. Бірі жоспарланған іс-шараларды орындамаса, бірі бұған әлі қаржы бөлмеген. Енді бұл мәселені кім қадағалайды?

Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Су тасқынына толық дайынбыз деп айтуға әлі ерте. Судың жанында орналасқан үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру бойынша жоспарланған жұмыстар орындалмай жатыр. Елді-мекендерді қардан тазалау бойынша шұғыл жұмыстар жасау керек. Қазір тек өтетін жолдар ғана тазаланып жатыр.

Бүгін қардың астында қалған Целиногард ауданына төтенше жағдай жарияланды. Осы тектес қауіпті нүктелердің қауіпсіздігін бақылау мақсатында үкімет басшысы Экология, Ішкі істер және Индустрия министрліктеріне тапсырма берді. Су шаюдың алдын алу үшін бөгеттер мен қоймалардың жұмысын реттеу қажеттілігін қадап айтты.

Асқар МАМИН, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Барлық әкімдер бүгінгі күннен бастап жағдайды күнделікті бақылауға алсын! Елді-мекендерді оның ішіндегі ауылдарды қардан тазарту үшін барлық  құралдар мен техникаларды жұмылдыру қажет. Өзендердің арнасы мен су арналарын, нөсер кәріздерін тазалауды, уақытша топырақ үйінділері мен дамбыларды салуды қамтамасыз ету керек.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел аумағы бойынша қызыл судан 17 мыңнан астам нысан мен 16 мың тұрғынға қауіп төніп тұр. Қазақстанның барлық облыстарында эвакуациялық 1700 бекет дайындалыпты. Тілсіз жау елордаға да қауіп төндіріп тұрғаны рас. Ішкі істер министрінің айтуынша, Есіл өзенінің маңындағы саяжайлар мен қала көшелерін де су басуы мүмкін.

Юрий ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қауіптің алдын алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда су деңгейінің көтерілуі кәріз жүйесін еңсере алмай жатқан аудандарда болуы мүмкін. Оған Бауыржан Момышұлы, Тұран даңғылдары, Сейфуллин көшесі мен Көктал-1 аумағы кіреді.
 
Ал, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бөгендер мен су қоймалары 5 жылдан бері жөндеу көрмепті.
 
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:

Елорданың сол жағалауын орналасқан бұл көше, тіпті жазда жаңбыр жауса судың астында қалады. Ал, көктемде не болары білгісіз. Алайда, әкімдік өкілдері алдын алу шараларын қарқынды жүргізіп, суға жол бермейміз деп сендірді. Уақыттың еншісіне қалдырайық. 

А. Данияр