Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Сот саласында сауатсыз судьялар көбейді

AstanaTV
26.02.2020ж. 20:00
2187
Сот саласында сауатсыз судьялар көбейді

Елдегі сот жүйесінде тағы өзгеріс. Енді судьялар, алдына түскен дайын қағазға қарамайды. Соттар тергеуге араласып, қосымша дәлелдер талап ете алады, әрі үкімді екі тарапқа жіліктеп түсіндіріп беруге міндеттелмек. Сот жұмысына қатысты Заң жобасы бүгін Парламенттің төменгі палатасында мақұлданды. Жүйедегі өзгерістер туралы тілшіміздің бейнематералында.

Бізде сотқа сенім аз, алайда әділдік іздейтіндер көп. 18 млн халықтың 6 млны сотқа арызданған. Ресми сандар солай дейді. Бұл нонсенс емес! Өйткені, әділдік іздегендердің соттан басқа барар тауы, басар тасы қалмаған. Яғни, сенім жоқ, үміт бар.

Қуаныш СҰЛТАНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Кейде соттың қағаздарын бізге жібереді. Сол қағаздарды оқысаңыз, оқуға ұяласың. Сауатсыз қағаздар жазады, сауатсыз шешім шығарады. Соттар өзінде логика жоқ. Бүкіл қоғамда сенімсіздік артады. Билікке сенбейтін болады адамдар.

Адамның тағдырын шешіп жүрген кейбір судьялар қарапайым Заңдарды білмейді. Оны сот алқасы да мойындайды. Сондықтан да судьяларға талап күшейген. Екі жыл бұрын судьялыққа 70 үміткерден тіркеліп жүрсе, былтыр 4-у ғана тіркелген. Осыдан кейін соттар жаппай аттестациядан өтті.

Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:


Бір құмалақ - бір қарын майды шірітеді». Бізде 2600 судья болса сол судьялардың ішінен яғни сот төрелігін жүргізіп отырған және сіз айтқандай судьяларды тікелей анықтау білу үшін комиссия жұмыс жасап жатыр. Былтырдың өзінде 24 адам жұмыстан босатылды.

Сотта қағазбастылық басым. Бюрократияға шалынып жатқан жұрт аз емес. Қағазға толы папкалар халықты ғана емес соттардың өзін шартшатқанға ұқсайды. Өткен жылы 1700 судья 3 млнға жуық істі қарап шығыпты. Жаңа заң осы қағазбастылықты азайтуды көздейді.

Мейрамбек ТАЙМЕРДЕНОВ, ҚР ЖОҒАРҒЫ СОТЫ АЗАМАТТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ СОТ АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Ал ол үшін біз ұйғарымдар шығарамыз. Ол ұйғарым 10 күннің ішінде енуі керек. Ол Заңның талабы. Сондықтан осы нормаларды алып тастасақ істің тез қаралуына үлкен себеп болады.

Енді соттардың құзыреті артпақ. Судьялар тергеу ісіне араласып, қосымша дәлелдер талап ете алады. Қабылданған шешімді сотқа жүгінген тараптарға жан-жақты түсіндіріп береді. Халықтың сотқа деген сенімін арттыруға бағытталған Заң жобасын Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады.

Нұрлан НЫҒМАТУЛИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қатысып отырған 103 депутат, жақтағандар 103 депутат. Бүгінгі Заң жобасына сот істерінің сапалы әрі ашық жүргізудің жаңа форматы енгізілді. Бұл формат сот жұмысын, азаматтық процесті жеңілдетіп және жылдам қарауға серпін беретін болады.

Соттарды қағазбастылықтан құтқарған Заң жобасы судьялардың сауатылығын арттырады деген сенім бар. Әділ шешімдер қаншалықты көбейетінін уақыт көрсетер.

Д. Мұхаммедкәрім