Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Коронавирустың құрбандары күн санап артып келеді, - Ж.Бекшин

AstanaTV
26.02.2020ж. 20:00
2406
Коронавирустың құрбандары күн санап артып келеді, - Ж.Бекшин

Коронавирустың құрбандары күн санап артып келеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше ажал құшқандардың саны 2800-ге таяған. Бұл туралы бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин айтты. Әлемнің басқа да елдеріне қарқынмен тарап жатқан вирустың әзірге емі табыла қойған жоқ. Індет жайлы елдегі және дүниежүзіндегі ахуалды әріптесім Асылбек Данияр айтып береді. 

Ресми атауы COVID-2019 деп аталатын вирус Қытайдан басқа да елдерге тарап, жағдай күрделене түскен. Абырой болғанда қатерлі індет Қазақстанға жете қойған жоқ. БАҚ өкілдерімен брифинг өткізген Жандарбек Бекшиннің айтуынша, коронавирус тараған елдерден келген 165 адам вирус жұқтырды деген күдікпен ауруханаға жатқызылған. Олардан аталған ауру анықталмапты. Қазір науқастардың 162-сі үйлеріне қайтарылған.

Жандарбек БЕКШИН, ҚР БАС САНИТАРИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Қытай Халық Республикасы мен Ресей Федерациясы бірлесіп қазір жұмыс жасап жатыр. Қашан әзірленеді, нәтижесі қашан болатынын кейбір ақпарат бойынша бұл технология өте қиын. Осы ресми өкілдердің айтқанынша 12-18 айда вакцина әзірленеді деп.

Вирус жер жүзіндегі 41 елге тарап үлгерді. Көш басында Қытай, Оңтүстік Корея, Италия, Жапония, Иран сияқты алпауыт мемлекеттер. Соңғы дәйеккөздерге сүйенсек, 81 мыңнан астам адам ауру жұқтырған. 2800-ге жуық науқас індет құрбанына айналған. Емдеу мекемелеріндегі 9000 аурудың жағдайы қыл үстінде. Тіпті аурудан айығып шыққандар қайтадан ауруханаға түскен деректерде бар.

Жандарбек Бекшин Қазақстанда коронавирустық инфекцияның профилактикалық шараларын одан әрі күшейту туралы қаулы қабылдағанын айтты. Сонымен бірге, 1 наурыздан бастап Оңтүстік Корея және Иранмен әуе қатынасы шектелмек. Одан бөлек аталған елдерге демалыс жоспарлағандарға уақытша бас тартуға кеңес берді. Билет құнын кері қайтаруға да дайынбыз дейді.

Жандарбек БЕКШИН, ҚР БАС САНИТАРИЯЛЫҚ ДӘРІГЕРІ:

Біз ұшу кестесіне өзгерістер енгізіп, бірнеше рейске қысқарту қарастырылуда. 1 наурызға дейін өзге мемлекеттерде жүрген қазақстандықтарға оралуға уақыт береміз. Апта сайын Оңтүстік Кореяға 9 рейс ұшады. Олардың міндеті - азаматтарымызды қайтару. Өйткені ол жерде 34 мыңдай қазақстандық бар. Иран бойынша жағдай жеңілірек. Онда 170-ке жуық азамат бар. Олар да наурыз айы басталғанша  қайтуы тиіс.


Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа қарсы тұру үшін дизенфекциялық жұмыстарды қолға алу қажеттігін ескертті. Сондай-ақ Жапонияның Токио қаласында 2020 жылға жоспарланған жазғы олимпиадалық ойынның өтпеуі мүмкін деген болжам айтты. Анық-қанығы мамыр айында белгілі болмақ.

А. Данияр