Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Коллектордағы апат «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды

AstanaTV
28.02.2020ж. 20:00
1026
Коллектордағы апат «Nur Otan» партиясының бақылауына алынды

Оралда коллектор жарылып, 70 мыңнан астам адам сусыз отырғанына бүгін үшінші күн.  Кәріз құбыры екі жерден жарылған, одан шыққан лас су сол маңдағы тұрғын үйлерге қауіп тудырды. Қазір қаладағы бірнеше нысан ауыз судан ажыратылған. Көпқабатты үйлердегілер шелектеп су тасуға көшті. Мәселені «Nur Otan» партиясы өз бақылауына алды. Өйткені шаһарда кәріз құбыры бұған дейін де бірнеше мәрте жарылып, дәл осы проблема қайталанған болатын.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Қазір ауыз су арнайы техникамен қаланың жеті жеріне тасымалданып жатыр. Тұрғындар қолына түскен мынадай ыдыстармен су алып қалуға, амалдауға мәжбүр. Өйткені судың қашан берілетінін білмейді... Соңы кім жігіттер? Мен сенен кейін боламын.

Коммуналдық мекемелер әлеуметтік нысандардың сусыз қалмағанын мәлімдеді. Ал үйінен шыға алмайтын тұрғындарға еріктілер көмектесіп, баспаналарына тасып беруде.

Балайша ШҮДЕНОВА, ТҰРҒЫН:

Кеше кештен бері жоқ су жетіден. Бүгін қарадық, тағы жоқ. Тіпті туалетте де жоқ. Қашан болатыны белгісіз. Туалетке, өзге керегіне сырттағы қақтан құйып алып жатыр дворда шелекпен. Постоянно кранда болып тұрғасын алмаймыз, білмедік, хабарлаған жоқ ешкім. Қайдан білеміз?

Кәріз құбырындағы апат «Nur Otan» партиясының жіті бақылауына алынды. Құбырды жөндеу жұмыстарын партиялық бақылау комиссиясының мүшелері қадағаламақ.

Мұрат МҰҚАЕВ, "NUR OTAN" ПАРТИЯСЫ БҚО ФИЛИАЛЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

2009 жылы осыдан 11 жыл бұрын бұл жерге кезінде әйнекпластик материалынан салынған кәріз жүйесі қазір ешқандай сынға шыдамай, жарылуы орын алып отыр. Бұл мәселені біз партиясының облыстық филиалы тарапынан әріптестер болып, сапасын тексеріп, сонымен уақытылы атқаратын мәселелерін де қолға алатын боламыз.

Қазір қаланың бірнеше шағын ауданында және құбыр жарылған аумақтағы жер үйлерде су жоқ. Бұл маңда 77 мың адам тұрады. Жарылған құбырдан жайылған су саяжайларға қауіп төндірген соң, арнайы техникамен тазартылуда.

Қайырғали ИМАШЕВ, «БАТЫС СУ АРНАСЫ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ:

Жөндеу жүргізетін мердігер анықталды. Бір айдың ішінде бұл компания жұмысты бастап кетеді. Егер оқыс жағдай орын алмаса, суды бүгін кешкісін қайта қосамыз.

Жобалау жұмыстары аяқталған соң, ұзындығы 5400 метр құбыр қайта  алмастырылмақ. Бұл іске 1,2 миллирд теңге қарастырылған. Суберушілер жөндеу жұмысын жеті айда аяқтаймыз деп сендірді.

Е. Карин