$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ы. Алтынсарин ауылының тұрғындары жолды жауып, наразылық білдірді

AstanaTV
05.03.2020ж. 20:00
3000
Ы. Алтынсарин ауылының тұрғындары жолды жауып, наразылық білдірді

Ы.Алтынсарин ауылының тұрғындары жолды жауып, наразылық білдірді. Олар Нұр-Сұлтан қаласындағы қарды төгу үшін осы маңнан полигон ашылғандарына қарсы. Онсыз да көктемде су кешіп жүреміз деген жұрт, полигондағы қар ерісе, судың астында қалатын болдық деп ашынады. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында 2 бірдей полигон толып қалып, тағы бірнешеуін ашуға тура келген.

Айя МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:

Мұндағы тұрғындардың айтуы бойынша мына қар полигоны жұмысын күні кеше бастаған. Содан бері қаладан арлы-берлі қатынап, мұнда қар таситын жүк көліктерінде есеп жоқ. Оның біршамасына бүгін өзіміз де куә болдық.

Бұл қала іргесінде орналасқан Ы. Алтынсарин ауылы тұрғындарының жанайқайы. Олар ауыл ішіндегі қарды тазарта алмай жатқанда, Нұр-Сұлтандағы қарды осы маңға жеткізіп жатқандарын түсінбей әлек.

Кенжеболат ҚҰТТЫМБЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылымыз ойда тұр. Қар 5 есе көп. Ауылдың іші тазаланбаған. Мына Нұр-Сұлтанның бүкіл қарын бізге әкеп төгіп жатыр. Сонда Нұр-Сұлтанның адамдары халық та, біз халық емеспіз ба?

Ең сорақысы, қар полигонының үш бұрышында үш ауыл орналасқан. Ол ауылдан екі жарым қашықтықта жатыр. Базыналы жұрт "жергілікті әкімдік бізбен ақылдаспақ түгілі, ескерткен де жоқ" деп налиды. Сол үшін жауаптылардың келуін талап етіп, жол қозғалысын тоқтатты. Жағдайдың ушыққаны соншалық, араға полицейлердің де араласуына тура келді.

Ержан ӘБДІРАСУЛ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Ертең екі жақтан еріген қар суы басып қалайын деп тұр. Ол ең бірінші ашылып, жаңа жылда жабылды ол полигон. Ол былтыр да істеген. Мына жақтан төккеннен кейін, екі жағымызда  судың ортасында қалып кетіп отырмыз біз.


Меруерт НҰРАЛБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл жерде ешқандай жер асты құбырлары жоқ. Су ары қарата ағып кететін. Ауылды жылда су алады. Биыл қар мөлшері өте көп. Енді келіп мынаны төгіп жатыр. Бізді 96 ны, бізден ары қарата Талапкерді де алу қаупі бар.

Ашулы халыққа басу айту үшін, әншейінде төбе көрсете бермейтін Сарыарқа әкімдігінің өкілдері де келді. Олар полигоннан 3 ауылға да қаупі жоқ деп отыр. Айтуларынша, қар бірден ерімейді. Сондықтан, бұл полигон толмағанша, жұмысты жалғастыра бермек.

Айдос ТҮСІППАЕВ, САРЫАРҚА АУДАНЫ ӘКІМІ АППАРАТЫ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Біз полигонның жанынан арық қазамыз. Ол жұмыстарды бүгіннен бастаймыз. Арық осы маңдағы жер асты құбырына қарай кететін болады. Ол су Есілге қарай құяды. Ал ол құбырды күн жылынғанда тазалаймыз. Бұл жобаны әзірлегенде, тұрғындардың қауіпсіздігі ескерілді.

Сарыарқа әкімдігі базыналы жұртқа үйіп-төгіп уәде бергенімен, тұрғындарды бұл жауап қанағаттандыра қоймады. Олар қарды тасуды тоқтатпағанша, баратын жерге барамыз деп отыр.

А. Мүтәлі