$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Тұрғындарды құлдыққа салған дәмхана қожайыны 17 жылға сотталды

AstanaTV
05.03.2020ж. 20:00
4345
Тұрғындарды құлдыққа салған дәмхана қожайыны 17 жылға сотталды

Қостанай соты жігіттерді құлдыққа салып, қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген кәсіпкерді жазаға кесті. Дәмхана қожайыны 17 жылға бас бостандығынан айрылды. Оның сыбайластары да сотталды. Аудан тұрғындарын үрейде ұстаған ұйымдасқан топ өткен жылы құрықталған болатын. Сот үкімін Заңғар Санай жеткізеді.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Сот залындағы ақпараттарға сенсек, атышулы  Тимур Алатаев басқарған топ жол бойындағы «Керуен» дәмханасында бір емес, бірнеше қылмыс жасаған. Шағын дәмханаға жұмыс іздеп келгендердің еңбегін қанап, кейбіреуін күшпен құлдыққа салған. Қыз-келіншектерге зорлық-зомбылық көрсетіп, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

Кафедегі қанды қылмыс Иван Косюктің өлімінен кейін әшкерленді. Ұйымдасқан топ 34 жастағы Меңдіқара тұрғынын шынжырмен байлап, құлдыққа салып қамауда ұстаған.

Жасұлан АСЫЛБЕКОВ,ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Жәбірленуші Косюк қашпақ болған. Сол әрекеті үшін оны пеш жағатын жерде  шынжырға байлап тастаған. 2016 жылдың аяғы мен 2017 жылдың басында ол қамауда отырып, кафенің отын жаққан.

Аудан тұрғыны 2016 жылы алғаш рет ауруханаға ауыр халде түскен. Бірақ кімнің ұрғанын айтпай қойды, - дейді марқұмның анасы. Артынан анықталғандай оны кір қолымен табадан тамақ жегені үшін өлтіріп, денесін өртеп жіберген.

Екатерина КОСЮК, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

 
Әуелі қоңырау шалып хабарласып тұрды. Сосын смс хаттар жазатын болды. Кейін мүлдем хабарсыз кетті. Үйге келем деген кезінде келмеді. Содан кейін полицияға арыздандым.

Бұрын полицияда жұмыс істеген Тимур Алатаев жұмысшыларына түрлі жаза қолданып, күш көрсеткен. Қасақана ұрып соққан. Қалың қарызым бар деп қолхат жаздырып, жәбірленушілерді заңсыз бас бостандығынан айырған.

Ирина ЦАРЁВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
 
Хамам моншада клиенттерге қызмет көрсетуге мәжбүрледі. Айтқанға көнбесең балаңның көзін құртамын деп қорқытты. Қашатын болсаң, ұстап алып денеңді бөлшектеп тастаймыз деп шошытты. Ұрып-соқты. Үш рет зорлады.

Басты фигурант - Тимур Алатаев Қылмыстық Кодекстің 10 бабымен айыпты деп танылды. Оны судья 17 жылға темір торға қамауға үкім етті.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Ал оның екі сыбайласы Евдокимов 14, Абдулхаев 3 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Үшеуі де жаза мерзімін қауіпсіздігі орта деңгейлі түзету мекемесінде өтейді. Сотталушылар Иван Косюктің анасына 5 миллион теңгеден астам моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

З. Санай