Алматыда коронавирус жұқтырған науқастардың бірінің жағдайы нашарлаған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев айтты. Сондай-ақ, жұқпалы ауруға шалдыққан тұрғын анықталған көпқабатты үй де мамандардың жіті бақылауына алынған. Түннен бері шаһарға кіретін 27 жолда блокпост жұмысын бастады. Карантинде қалған Алматыдағы жағдайды әріптесім Аршын Кемелжан әңгімелейді.
Алматыда коронавирус жұқтырған бір науқастың жағдайы нашарлады. Ал, қалғандарының жағдайын дәрігер бірқалыпты деп отыр.
Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, АЛМАТЫ қ. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Жалпы алғанда ауырған адамдардың жай-күйі мынадай жағдайда, бір адамда өкпенің созылмалы обструктивті ауруының болуына байланысты орта ауыр дәрежеде. Ал, қалғандары қанағаттанарлық жағдайда. Бірінші наурыздан бастап 4 госпиталда карантинде 608 азамат, үй карантинде 730 адам бар.
Сондай-ақ, кеше қаладағы «Сұңқар» тұрғын үй кешеніндегі тұрғыннан аты жаман ауру белгісі анықталып, ол ауруханаға жатқызылған. Мұндағы өзге тұрғындарды дәрігерлер жіті тексеріп жатыр. Қазір 14 қабатты тұрғын үй кешені толықтай 15 күнге оқшауланды.
Түннен бері қалаға кіретін 27 жолда қозғалыс шектелді. Блок-посттарда әскерилер мен полицейлерден жасақтар қойылған. Қала мен өзге өңір тұрғындары үшін қосымша 72 сағат уақыт берілді.
Салтанат ӘЗІРБЕК, АЛМАТЫ қ. ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
72 қосымша сағат берілгенін білесіздер. Бұл кімдерге арналған бірнші кезекте Алматыда ресми түрде тіркелген, бірақ қандай да бір себеппен бүгінгі түнге дейін келіп үлгермеген азаматтар үшін кіруге болады. 22 наурызға дейін.
Яғни 22 наурыздан бастап, мегаполис толық оқшауланады. Әуе рейстері мен темір жолдар да жұмысын тоқтатады. Бүгін Алматыға қатынайтын 49 қаларалық автобуста шаһарға келмеді. Оған қоса қала маңындағы елді-мекендерге баратын 63 жолаушылар көлігі де тоқтатылды.
А. Кемелжан