$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Н. Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жолдады

AstanaTV
20.03.2020ж. 20:00
4489
Н. Назарбаев қазақстандықтарға үндеу жолдады

«Дүлей дауыл" сияқты үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Бүгін таңертең коронавирусқа қатысты халыққа үндеу жолдаған Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді. Оның айтуынша, әлемге тараған бұл инфекция қазір халықаралық экономикалық дағдарысқа алып келіп отыр. Шикізат, валюта және қаржы нарықтарының құлдырауы жағдайды тіптен ушықтыра түскен. Елбасы бүгінгі ахуал сонау 90-жылдардағы тоқырауды еске салатынын айтты. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент жер жүзін әлекке салған вируспен күрес кезінде ел азаматтарын билікке қолдау көрсетуге шақырды.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ, «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Ел билігі коронавирустан қорғану үшін оның алдын алуға бағытталған кешенді шаралар қабылдады. Бұл ретте төтенше жағдайдың жариялануы - маңызды және қажетті қадам. Ондағы мақсат - біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев короновирусқа қарсы күресу үшін біріңғай республикалық қор құруды ұсынды. Онда қиын кезеңде қалың жұртқа көмектескісі келетін жомарт жандардың қаражаты жинақталмақ. Мұндай қор әрбір облыс орталығында және республикалық маңызы бар қалаларда да құрылады. Оны жергілікті әкімдер қадағалайды. Тұңғыш Президент төтенше жағдай кезінде демалысқа кетуге мәжбүр болғандарға ақы төлеуді, қысқартылған жұмыс кестесін енгізуді және қарамағындағыларды жұмыстан босатпауды баса айтты. Сарапшылардың пікірінше, Елбасының бұл ұсыныстары, халық үшін аса қажет, әрі дер кезінде жасалған қадам.  

Мадина БЕКТЕНОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұл жұмыс орындарын сақтауға шақыру жақсы бастама деп ойлаймын. Үй карантинінде отыруға мәжбүр болған ел азаматтарын жалақы алмау кәдімгідей тығырыққа тірейді. Бұл маңызды әрі уақтылы қабылдану керек шаралар. Қиын кезде адамдар мемлекет тарапынан да, өз басшыларынан да қолдау күтеді. Бұл үндеу дер кезінде жолданды деп ойлаймын.

А. Мүтәлі