Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Павлодарлық жүргізушілер көлік бөлшегін ауыстырғаны үшін мемлекеттік нөмірінен айрылды

AstanaTV
02.10.2017ж. 20:00
2880
Павлодарлық жүргізушілер көлік бөлшегін ауыстырғаны үшін мемлекеттік нөмірінен айрылды

Көліктің бөлшегін ауыстырғаны үшін мемлекеттік нөмірінен айрылды. Павлодарда бір аптаның ішінде 20-дан астам көлік иесі осындай жазаға тартылған. Полицейлердің бұл әрекеті қаншалықты заңды екенін анықтамақ болған тұрғындар әділдік іздеп, шарқ ұрып жүр. Айтуларынша, газ шығаратын түтіктің талапқа сай келмейтінін дәлелдеу үшін, арнайы сараптама жүргізілуі тиіс. Алайда тәртіп сақшылары оны көзбен ақ болжап білетін көрінеді. Мәселенің мән-жайын әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы зерттеп көрді.

Бұл кәдімгі дыбыс бәсеңдеткіш. Бірақ, бұл түтікшені орнатқан көлік иелерінің жағдайы қиындап тұр. Ауыстырылған құрылғыны көрген полицейлер бірден нөмірді шешіп, хаттама толтыруда. Жаппай жауапқа тартылғандар тәртіп сақшыларының әрекетін заңсыз деп санайды.

Алексей Фесик, "JZX" автоклубының әкімшісі:

Біріншіден, олар сараптама өткізбейді. Қарап қана, шешім шығарады. Сорақысы, полицейдің шешіміне қарсы келе алмайсың. Келіспейсің бе, онда нөміріңді аламыз,- дейді. Болды. Өз дұрыстығыңды қалай дәлелдесең, солай дәлелде. Онда шаруалары жоқ. Келеді де нөміріңді шешіп алып, өз жайына кетеді. 

Кезекті бір көліктің нөмірін шешіп алған жағдайдың куәсі болған Николай Бейсенко сақшылардың әрекетіне аң-таң. Жол полициясының инспекторы «ай-жайға» қарамастан, жүргізушіге айыппұл салғанын көргенде, шыдамай камераға түсіре бастапты. Ақыры куәгерден жәбірленушіге айналған. 

Николай Бейсенко, Павлодар қаласының тұрғыны:

Мен болған оқиғаны көріп, жақындадым. Түсіре бастап едім, телефоныңды бер деп тап берді. Әрине, келіспедім. Сол кезде алты адам қолымды бұрап, жерге құлатты. Видеодан олардың мені жығып алғаны, ал менің еш қарсылық көрсетпегенім жақсы көрінеді.

Полицейлер көліктің кез келген бөлшегіне өзгеріс енгізу заңсыз екендігін алға тартты. Алмастырылған түтіктің дыбысы өзге жүргізішілердің көңілін аударып, тұрғындардың тыныштығын бұзады,-дейді. Жыл басынан бері мұндай дерекпен 69 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Равиль Хасанов, Павлодар облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы:

Мемлекеттік стандарт талабы бойынша, полиция қызметкері көлікте жүргізілген қайта жабдықтауды көзбен көріп қана анықтай алады. Егер бәсеңдеткіш ауыстырылған болса, онда әкімшілік жауапқа тартуға негіз бар. Техникалық регламентте газ шығару-енгізу жүйесінде өзгертулер енгізілсе, бұл бекітілген талаптарға сай келмейді.

Қайта жабдықталған кез келген бөлшектің қазақстандық сертификаты болуы шарт. Республикалық көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу орталығы өкілінің айтуынша, бұл талап бәсеңдеткішті ауыстыру ісіне де қатысты.

Бауыржан Қожанов, «Көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институты» ЖШС өкілі:

Ол құрылғыны орнатқаннан кейін, оның сертификаты болса да, міндетті түрде арнайы зертханаларда сынақтан өткізілуі керек. Бұл жерде, дыбыс деңгейі мен қалдықтары тексеріледі.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Көлік иелерінің сөзінше, соңғы бір аптаның ішінде 20-дан астам тұрғын жазаланған. Көбі «Марк 2», «Чайзер», «Креста» маркасының жүргізушілері болып табылады. Оларға 35 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалып, заңсыз орнатылған бөлшекті ауыстыру талап етілген.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ