Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

5-10-20 тұрғын үй бағдарламасына өтініш беретін азаматтар табысына қарай іріктеледі

AstanaTV
19.05.2020ж. 20:00
3086
5-10-20 тұрғын үй бағдарламасына өтініш беретін азаматтар табысына қарай іріктеледі

5-10-20 бағдарламасына өтініш беретіндер ешқандай санатқа бөлінбейді, нақты табысқа қарай іріктеледі. Бүгін Үкімет алаңында өткен брифингте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, жаңа тұрғын үй бағдарламасының шартын түсіндірді. Ол азаматтарды баспанамен қамту үшін «Отбасы банкі» құрылатынын айтты. Үкіметтің селекторлық отырысында болған өзге де маңызды ақпараттар келесі бейнематериалда.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Тұрғын үй мәселесін шешуге арналған жаңа бағдарламаға қазынадан 390 миллиард теңге бөлінбек. Қомақты қаржыға 150 мың пәтер салу жоспарланып отыр.

Министр Бейбіт Атамқұлов ол пәтерлердің кімге және қалай берілетінін түсіндірді. Оның айтуынша отбасының жалғыз кірісі 96 мың 700 теңгені құрайтын отбасы бағдарламаға үміткер бола алады. Бейбіт Атамқұлов бұдан өзге баспаналы болатын қолжетімді бағдарламаларды да атап өтті.

Бейбіт АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Отбасының әр мүшесіне күнкөріс деңгейінің екі есе көлемі - 62,4 мың теңгеден келсе, олар «2-10-20» бағдарламасымен баспана ала алады. Әр адамға күнкөріс деңгейінің 3,1 көлемінде - 96 700 теңгеден келетін табысы бар азаматтар 5-10-20 бағдарламасымен, ал күнкөріс деңгейінің 3,1 көлемінен де жоғары табыс түсетін отбасы - 7-20-25 бағдарламасы арқылы екінші деңгейлі банктерде пәтер алады.

Дегенмен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар қаралды. Енді «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасына «Микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау» бойынша жаңа бағыт енгізіледі. Экономика министрі Руслан Дәленов айналым қаражатын толықтыруға 5 миллион теңге, ал өндірістік мақсаттарға 20 миллион теңгеге дейін несие берілетінін айтты. Несие мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды деді. Министр бұл арқылы кәсіпкерлердің әкімшілік ауыртпалығын жеңілдетеміз деп отыр.

Руслан ДӘЛЕНОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Банктер мен микроқаржы ұйымдары несие бойынша төлем мерзімін ұзартатын салалардың тізбесі кеңейтілді. Арнайы салық режимінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік және салық есептерін жүргізу жеңілдетіледі.


Экономикалық өсімді арттыру жоспары 10 бағыттан және халықтың табысын ұлғайту жөніндегі 170-тен астам жүйелі шарадан тұрады. Үкімет басшысы құзырлы сала өкілдеріне жоспарлардың уақытылы орындалуын қадағалауды тапсырды.

Ғалымжан ӨТЕМІСОВ, ТІЛШІ:

Айтпақшы, жаңа бағдарламадан үміттілер, алдымен жергілікті әкімдікте баспана кезегіне тұруы шарты. Алғашқы жарнасы, соңғы 6 айдағы табыс көзі де есепке алынады. Одан бөлек басында жылжымайтын мүлігі болмауы да міндетті.

Ғ.Өтемісов