Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Алматыда ипотека алғандар аштық жарияламақ болды

AstanaTV
25.05.2020ж. 20:00
2619
Алматыда ипотека алғандар аштық жарияламақ болды

Алматыда ипотекалық несие алған борышкерлер бүгін әкімдік алдына жиналды. Олар еселенген қарыздарын төлей алмай жатқандыран айтып, араша сұрады. Банк тарапынан көрсетілер қысымды тоқтатуды талап етуде. Тіпті аштық жариялауға бекінген. Оларды жергілікті әкімдік өкілдері райынан қайтарды.

Әкімдіктің алдына жиналған мына адамдар доллармен ипотека рәсімдегендер. Олар 12 жылдан бері жергілікті биліктен де, Үкіметтен де қолдау көрмедік дейді. Төтенше жағдай мен карантин де жығылғанға жұдырық болғанын айтты. Өйткені табысынан айырылған тұрғындар банк алдындағы қарызын өтей алмаған. Олар бүгінде "баспана құнын еселеп төледік, қалған қалдықты сызып тастауын немесе жеңілдік беруін" сұрап отыр.

Әлия БАЙБОЛАТОВА, БОРЫШКЕР:

44,6 млрд. теңге ақша бөлінді. Әлі бір адамға сызылған жоқ. Анда барамыз «ойбай күте тұрыңдар», мұнда барамыз «күте тұрыңдар». Қанша, күткенімізге 12 жыл болды. Бар ақшамызды түгел төледік 60, 70, 80, 90 пайызға дейін. Ал енді қалған ақшамызды сызбай жатыр. Біздің төлейтін мүмкіндігіміз жоқ оны.


Борышкерлердің бірі Қанағат Такееваның айтуынша, екінші деңгейлі банк азаматшаның қарызын мемлекеттік бағдарлама бойынша қайта қаржыландырудан бас тартқан. Карантин кезінде несиесін төлей алмағаны үшін кқаржы институты көлігімді тартып алмақшы деді.  

Қанағат ТАКЕЕВА, «АР-НАМЫС-5» ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Осында тұрған барлық борышкерлер банктің қарызын кейінге қалдыру бойынша өтініш жазды. Бірақ, үш айдағы банктің пайыздық табысы несиенің жалпы қалған сомасына бөлініп кетеді. Содан кейін ай сайынғы төлем сомасы да өсіп кетеді. Ал, енді банктер карантин кезінде, жұмыссыз кезде төленбей қалған несие үшін көлігімді тартып алмақшы.

Жиналғандар қаладағы карантинді алып, жұмыс орындарын қайта іске қосуды сұрайды. Өйткені, уақытша жұмыссыздық ипотекаға қарызы барларға үлкен соққы болып жатқанын жеткізді. Базыналы топқа қалалық әкімдік өкілі келіп, мәселенің күрделі екенін мойындады. Бірақ шаһардағы қайта іске қосылатын жұмыс орындарын тізіп берді.

Қанат САҒЫНДЫҚОВ, АЛМАТЫ қ. КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНВЕСТИЦИЯЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгіннен бастап Алматының бас санитарының шешімімен аумағы 500 шаршы метрден асатын сауда орындары іске қосылды. Қоғамдық тамақтану орындары мен қонақ үйлер де қызметін бастады. Оған қоса ХҚКО іске қосылды. Келесі кезеңде жедел штабтың рұқсатымен өзге де базарлар іске қосылады.


Әкімдікке арызын айта келген борышкерлердің ұсыныстары тағы да еленбеді. Олар қайта қаржыландыру бағдарламасындағы пайыздық мөлшерлемені төмендетуді де сұраған болатын.  

А. Кемелжан