$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Барымташылардан жапа шеккен ауылдықтар тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр

AstanaTV
26.05.2020ж. 20:00
3043
Барымташылардан жапа шеккен ауылдықтар тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр

Үйір жылқысын ұрлатқан батысқазақстандық шаруалар тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп отыр. Олар жылдар бойы өздерін қан қақсатқан барымташылардың бірі бостандыққа жіберілгенін айтады. Енді ол ауылдықтардың өздерін қорқытып, қоқан-лоққы жасауға кіріскен. Полициядан күдер үзген тұрғындар бұл істі арнайы прокурорлар тергеуін сұрап отыр.

Тұрғындардың сөзінше, бұл жігіт - барымташылардың сыбайласы. Бірақ бостандықта жүр. Жаздым-жаңылдым деп кешірім сұраған ол сөзінен айнып, енді өзімізді жазықты қылуы мүмкін деп қауіптенеді. Бұл жерде полицияның қандай да бір қатысы бар дейді. 

Аманжол ЗИНУЛЛИН, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Полицейскийлердің мынадай кең ауқымдағы ұрлыққа қатысы болмау мүмкін емес. Бір малды ұрласа, оны сойып жеуі мүмкін. Ал көп малды жинағанда ол індетті түрде оны сатуға бір жаққа асырады. Ал асыру үшін ветеринарды былай қойғанда милиция қызметкерінің справкасын алады. Қайткенде де бұлардың полиция қызметкеріне соқпай кетуі мүмкін емес.

Қорасындағы 40 бас сиырын ұрлатқан Меңдіғали Сұлтанбеков те ұрылардан қорлық көргендердің бірі. Полициядан қайран болмаған соң, ғарыштағы жерсеріктің көмегіне жүгініпті. Ақыры ұрыны мойындатып, малын кері қайтарған. Енді 12 бас жылқысын жоғалтқан жігіт ағасы ұрының алыстан келмегенін сезеді.

Меңдіғали СҰЛТАНБЕКОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:

Өзім іздеп тауып бердім. Милицияларға ана кісіні апарып бердім. Дым да істеген жоқ. Оперативниктер жоқ емес, жасайтын кісілер бар, жасайды. Бірақ мына кісілер жоғарыдан звондайды, қой дейді, болды.

Осыдан кейін сақшыларға сенімін жоғалтқан шаруалар бұл істі арнайы прокурор тергеуін және барымташыларды ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде тануын сұрап отыр. Бірақ прокуратураның да жауабы көңіл көншітпеді.

Жандос ӨМІРӘЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:


Жалпы ұрлық бойынша прокурор өзі тергей алмайды. Оған қылмыстық процессуалдық кодексте бізге ол бойынша тыйым салынған.  Бұл біріншіден қылмыстық процессуалдық кодексте жазылған, екіншіден ондай мал ұрлығы бойынша целый оперативное подразделение керек. Прокуратурада оған мүмкіншілік жоқ.


Полиция дерегінше, мал ұрлады деген күдікпен үш ағайынды жігіт сәуір айында ұсталған еді. Олардың мыңға тарта жылқысының 600-дейі қамалғанымен, иесі анықталған соң ғана қайтарылады. Ал елді шулатқан ағайындылардың үстінен мал ұрлығы мен заңсыз қару-жарақ ұстағаны үшін қылмыстық іс қозғалдып, 15 эпизодқа қатысы бары анықталған. Иесіз қалған үйір-үйір жылқыны ауыл әкімдігі ақша төлеп, бақташыға бақтырып отыр.

Е. Карин