Атыраудағы газ құю бекетіндегі жарылыстан зардап шеккен екі адамның жағдайы ауыр. Олар қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Бірі 90, ал екіншісінің денесі 40 пайыз күйіп қалған. Тағы екі адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ал, газ құю станциясы болса, түгі қалмай өртеніп кетті. Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Оқиға орнына барған тілшіміздің репортажы.
Бүгін таңертең қаладағы Атамбаев көшесінде тұрған жанар-жағар май бекетінде жарылыс болды. Осының салдарынан автоцистерна жалынға оранды. Жанар-жағар май құюшы мен газовоз жүргізушісін өрт шалып, олар ауруханаға жеткізілді. Өртті сөндіруге жеткен тағы екі адамға алғашқы медицианлық көмек көрсетіліпті.
Бекболат ҚУАНЫШЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ауруханаға түскен науқастардың біреуі 1959 жылғы ер азамат екіншісі 1984 жылғы ер азамат екеуінің жағдайы ауыр болып есептелінеді. 1984 жылғы азаматтың күйік аумағы денесінің 90 пайызды құраса, 59 жылғы азаматтың 35-40 пайызды құрайды. Екеуі де екінші үшінші дәрежелі күйік болып есептелінеді. Жағдайлары қазіргі жағдайда ауыр.
Жарылыс болған газ құю бекеті «Жайық Газ» мекемесіне тиесілі. Жыл басынан бері «ПромГаз» компаниясы жалға алған.
Асқар МУСТАФИН, «ПРОМ-ГАЗ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ:
Оқиға орнында болған жоқпын. Неден болғанын білмей жатырмыз. Қазір анықтаймыз. Біздер жалға алдық. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арендатормыз. Жарғылық, қауіпсіздік ережелері сақталады түгелдей. Неден болғанын біздер пока білмей жатырмыз. 8 адам жұмыс жасайды. Бүгін екі адам болды. Кімдер олар? -Білмеймін аттарын қазір.
Төтенше жағдай департаментіндегілер бұл газ құю бекетін бір жыл бұрын тексерген. Аздаған кемшіліктерді жоюға ұсыныс беріп, айыппұл салыпты.
Сағынбек ӨМІРЗАҚОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бұлар қазір доверительный управлениеге беріп жіберген екен. Сол себептен биыл негізі тексерісте тұрған еді. Өздерінің қожайындарының ауысуына байланысты кейінге шегерілген болатын.
Базаргүл НӘДІРҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Жанар -жағар май бекетінің орны күлге айналды. Толығымен жанып кетті. Жарылыс кезінде 70 метр қашықтықта тұрған ғимарат қирады. Абырой болғанда бұл маңда тұрғын үй жоқ. Өнеркәсіптік аумақ болғандықтан тек сауда қоймалары ғана орналасқан.
Б. Надирқызы