Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Халық денсаулығы туралы" заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды

AstanaTV
11.06.2020ж. 20:00
2430
"Халық денсаулығы туралы" заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды

Қоғамда резонанс тудырған «Денсаулық» кодексін, бүгін Сенат Мәжіліске кері қайтарды. Алайда, заң жобасына қарсы болғандар үшін бөрікті аспанға лақтыруға әлі ерте. Жоғарғы палата депутаттары бар болғаны құжаттағы дәрігерлік қателік туралы нормаға түзету енгізгісі келеді. Ал халық арасында міндетті вакцинаға қатысты дауға, Денсаулық сақтау министрі не дейді? Айя Мүтәлі тарқатсын.

Міндетті вакцинация төңірегіндегі қызу пікірталас басылар емес. Екпеге қарсы шығып, петиция жазғандар саны күннен күнге артып келеді. Бұл Денсаулық сақтау министрлігін ғана емес, Парламентті де қобалжытқаны анық. Бүгін жаңа құжатты қабылдаған сенаторлар оның әр тармағын егжей-тегжей талқылады. Депутат Дана Нұржігіттің пікірінше, кодексте жұртты абыржытатын дәнеңе жоқ. Тек халыққа түсіндіру жұмыстары әлсіз жүргізілген.

Дана НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Осы енжарлықтың салдарынан көпшілік міндетті вакцинаны мәжбүрлеу деп түсініп жүр. Сондықтан меніңше, біз бүгін талқылап отырған кодекс жобасында ешқандай мәжбүрлі түрде жүргізілетін вакцинацияның болмайтындығы туралы түсіндіру жұмыстарына көбірек көңіл бөлу қажет деп есептеймін.

Денсаулық сақтау министрі де міндетті және ерікті вакцинаның ара-жігін ажырата алмай жүргендер көп дегенмен келіседі. Соған қарамастан, жаппай екпеден бас тартуға болмайтынын тағы ескертті. Селқостық танытсақ, инфекциялық аурулардың тез жайылуына жол беріп қоямыз деп отыр.

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Ата-аналар баласын вакцинациялаудан бас тарта отырып, баланың денсаулық құқықтарын шектейтінін атап өткен жөн. Елімізде қызылшаның өршуі кезінде 13 800-ден астам жағдай, ал балалар арасында 9 887 жағдай тіркелді. Сырқаттанғандардың 83,4 пайызы екпе егілмеген балалар арасында тіркелді.

Бұдан бөлек, жаңа құжатта ел аумағынан адам ағзасын шығаруға рұқсат беру де қарастырылған. Бірақ, ол шетелде ем алып жатқан қазақстандықтарға медициналық көмек ретінде ғана берілмек. 

Елжан БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:


Кодекс жобасында адамның тірі кезінде ағзаларын алу бойынша ерік білдірмеген жағдайда, жұбайының, ол болмаған жағдайда жақын туыстарының бірінің құқығы бар.


Депутаттар заң жобасына "медициналық оқыс оқиға" ұғымын енгізуді тапсырды. Сондықтан, құжатты толықтыру үшін Мәжіліске қайтарды.  Заң күшіне енсе, дәрігерлердің кәсіптік қызметіне араласқандар әкімшілік жауапқа тартылатын болады.

А. Мүтәлі