Целионград ауданындағы медициналық қалдықтарды өртейтін зауыт жұмысы тоқтамаған. Кәсіпорын басшылары қулыққа басқан сыңайлы. Олар қылдықтарды енді түнде өртейтін болған. Біз бұл мәселені бұған дейін де көтерген едік. Түтінмен уланған қос ауылдың тұрғындарының мәселесіне тағы да араласып көруді жөн көрдік. Асылбек Данияр ауылға барып қайтты.
Асылбек ДАНИЯР, ТІЛШІ:
Бұл Ақмола облысы Целиноград ауданы Ыбырай Алтынсарин ауылында орналасқан медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауыт. Жұмыс істеп келе жатқанына 3 жылдай уақыт болған. Десе де мұндай зауыттың жұмысы толықтай атқарылып жатыр деп айтуға тіл бармайды. Өйткені медициналық қалдықтардың барлығы далада шашылып жатыр. Яғни мұны өртеп көзін жоятын тағы да бір мекеменің қажет болғаны.
2017 жылдан бері жағымсыз түтіннің иісіне тұншыққан тұрғындар әкімдіктің де, министрліктің де есігін тоздырған.
Ерғали ДІЛДАХАНОВ, Ы.АЛТЫНСАРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Күндіз жақпайды. Түнде заттарының бәрін әкеліп кіргізеді де 2-3-тен кейін таңға жуық жағады. Енді дұрыс емес қой бұл. Қанша аударып жатырмыз дейді, Софиевкадан алып беріп жатырмыз дейді. Не көшпейді, не қоймайды мінекей.
Бибігүл ҚҰЛМАҒАНБЕТОВА, Ы.АЛТЫНСАРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Мынау жолдың жиегінде шприцтар, қанға былғанған мақталар, неше түрлі бұйымдарды жолға шашып кеткен күндері де болды. Бұл жерде кішкентай балалар ойнайды. Оны балалар ұстап ойнайды ғой.
Иә, тұрғындар бізге өтірік айпапты жолай медициналық қалдықтардың шашылып жатқандығын бізде байқадық. Арнамызға бірнеше рет хабарласқан Көпей Бейсенова да билік өкілдері әрекет етпейді деп налыды.
Көпей БЕЙСЕНОВА, Ы.АЛТЫНСАРИН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Енді тағы сот болып жатыр дейді. Енді құлақтан теуіп 1 жыл бойы 3 сот болып жатыр. Екі шешім шығып, енді үшінші шешімді күту керек болып тұр. Мынау не сұмдық !? Жаздың жалпағы кет дегенде ит те кетеді.
Талапкер ауылдық округінің әкімі міндетін атқарып отырған шенді, жуырда тағайындалғанын жеткізді. Сондықтан әлі елді-мекеннің тыныс-тіршілігімен танысып үлгермедім дейді.
Асқар ЖАҚСЫГЕЛДИНОВ, ТАЛАПКЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Ол жағын мен білмеймін. Енді қаражат жоқ өзіңіз білетіндей, карантин. Аудан әкімі алдында көтереміз.
Күні кеше халыққа онлайн есептік кездесу өткізген Мағзұм Мырзағалиев, бұл мәселеге нүкте қоятын күн алыс емес екенін айтып, халықты сабырға шақырды.
Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВ, ҚР ЭКОЛОГИЯ, ГЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ (10.06.2020 ж.):
Сауалды сотқа берген болатынбыз. Енді соттың үкімін, шешімін күтіп отырмыз. Дегенмен менің білуімше, мына зауыттың жұмысы толықтай тоқтатылып тұр.
Осы мәселемен іс басталғалы айналысып жүрген аудандық әкімдік өкілі де министрдің сөзін қолдады. Соттың шешімі 16 маусымда шығатынын жеткізді. Ал, кәсіпорында ел қоныстанбаған аумаққа көшіруге қатысты былай жауап берді.
Сәкен СҮЛЕЙМЕНОВ, ЦЕЛИНОГРАД АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Бүгінгі таңда ол кісі жер актісін алды, тіркеуден өткізді. Бүгінгі таңда тездетіп көшуін талап етіп отырмыз. Уақыт жөнінде айталмаймын. Жуық арада шешіледі, нүктесі қойылады.
Естеріңізге сала кетейін, медициналық қалдықтардың көзін жоятын зауыттың зардабын 4300-ден астам адам тартып келеді. Пештен шыққан түтіннің құрамында ағзаға зиянды 5 түрлі зат бары анықталған болатын.
А. Данияр