Нұр-Сұлтан қалалық №9 емханадан шу шықты. Редакцимызға шағымданған тұрғындардың сөзінше, елорданың барлық зертханаларында сынама қабылдайтын ыдыс қалмаған.
Мұнда коронавирусқа анализ тапсыруға келіп отырмыз. Платныйларға ғана флакон бар, жолдамамен келгендерге флакон жоқ деп отыр. Кеше де солай болған.
Коронавирусты анықтайтын тест жеткілікті ме? Бұл сауалды біз Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаеваға қойдық. Ол барлық қалада ПЦР тесттері жеткілікті әрі тапшылық болып жатқан жоқ деді.
Ләззат АҚТАЕВА, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІНІҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:
Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тесттің саны жеткілікті. Қазіргі кезде 200 000-нан астам тесттер бар. 10 күн ішінде 1 миллион 200 мың тест алынады.
Ковид-19 бойынша елдегі жағдайға тоқтала кетсем. Республика көлемінде індетті жұқтырғандардың саны 15 мың 900-ге таяды. 10 мыңнан астам насқас сауыққан. Десе де 100 адам кеселдің құрбанына айналды. Олардың жасы үлкені 97 де болса, кішісі 38 жастағы ер адам. Айта кетейін, коронавирустан өткен тәулікте қайтыс болған 38 жастағы елордалық азамат бұрын басқа аурулармен ауырмаған.
А. Данияр