Волонтерлер қарағандылық дәрігерлердің тілегін орындады. «Дәрігерлерге мың алғыс» акциясы аясында жасотандықтар ақ халатты абзал жандарға «алғыс себетін» таратты. Жастар арнайы себетті медицина қызметкерлерінің тілектерін ескере отырып жасақтапты. Күн-түн демей адам өмірін арашалап жүрген дәрігерлерге, иммунитет көтеретін жеміс-жидектер мен тәттілер салынған.
Ержан ХАМИТОВ, «JAS OTAN» ЖҚ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Осы күні облысымызда 24158 дәрігер қызмет етеді. Оның 2399 коронавирус індетімен күресіп жатыр. Иықтарына ауыр жүк түсіп, зор жауапкершілік артылып отырған дәрігерлерімізге біздің қолдауымыз қажет. Дәрігерлерімізді қолдау мақсатында жасотандықтар «дәрігерлерге мың алғыс» акциясы аясында алғыс пакеттерін үйлестіреді. Акцияның мақсаты еріктілердің атынан, жастардың атынан медицина қызметкерлеріне алғыс айту.
Айта кетейік, "Дәрігерлерге мың алғыс" акциясы 15-ші шілде басталды. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында басталған шара Ақтөбе, Ақтау, Қарағандыда жалғасын тапты. Сый-сыяпат ерікті демеушілердің қаржысына алынып жатыр.
Ә. Өмірзақ