Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Қазақстанда карантин шаралары тағы екі аптаға созылды

AstanaTV
29.07.2020ж. 20:00
6031
Қазақстанда карантин шаралары тағы екі аптаға созылды

Қазақстанда карантин шаралары тағы екі аптаға созылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөніндегі кеңесте мемлекеттік комиссияға осындай тапсырма жүктеді. Бұл шілде айында енгізілген шектеу шараларының оң әсерін одан әрі арттыру үшін жасалған шешім. Әрі COVID-19-ға шалдығушылар мен өлім-жітімнің көрсеткішін төмендетуге бағытталмақ.

Алматы, Шымкент қалалары мен Атырау облысында блок-посттар қайта қойылмақ. Жергілікті бас санитарлық дәрігерлер осындай шешім қабылдапты. Олар мұны уақытша деп түсіндірді. Яғни тексеру бекеттері 31 шілдеден 2 тамызға дейін тұратын болған.

Болат НҰРМАНОВ, ШЫМКЕНТ қ. ТКҚСҚБ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Шымкентке кіретін жолдарға арнайы бекеттер орнатылады. Бекеттерді қоюдағы мақсат: осы қалаға осы күндері малды кіргізуге тыйым салынады. Яғни бұл іс-шаралардың барлығы Құрбан айт мерекесі күндері коронавирустың аурушаңдығын таралуын алдын алу бойынша жасалып жатыр. Мал союды ұйымдастыруға және өткізуге, автокөліктен, жеке үйлерден мал сатуға тыйым салынған. Құрбандық шалу онлайн режимде жүргізіледі.


Коронавирусты емдейтін вакцина әлі табылмады. Бірақ оның нарықтағы құны әлден талқынуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кеселге қарсы екпенің табылғанын мәлімдемесе де, АҚШ сарапшылар өздері әзірлеген вакцинаның құны шамамен 50-60 долларды құрауы мүмкін деген болжам жасады. Десе де, басқа мемлекеттер өз өнімдерінің құнын арзанырақ бағалапты. Бұдан бөлек, "8 айдан бері әлем халқын алаңдатқан кеселдің бірнеше толқыны болады" деген тұжырымды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жоққа шығарды. Айтуынша, эпидемияда «жалғыз және үлкен толқын» бар.

Маргарет ХАРРИС, ДДСҰ ӨКІЛІ:

Адамдар әлі вирусты жыл мезгілдеріне байланысты деп ойлайды. Біз түсінуіміз керек бұл жаңа вирус және ол басқаша әрекет етеді. Пандемияның бірінші, екінші, үшінші толқыны болады деген жаңсақ пікір. Тек үлкен толқын болады. Ол сәл көтеріліп, төмендейді, ең жақсы нәрсе - оны қалыпты деңгейде ұстап тұруға болады.

COVID-19 бойынша сандық мәліметке кезек берсек. Әлем бойынша індет жұқтырғандар саны: 17 миллионға таяды. 10 миллоннан астам науқас сауығып шыққан. Ауру құрбандары: 600 мыңнан асты. Әлемдік статистикада кеселді жұқтыру көрсеткіші бойынша Қазақстан індет ошағы Қытайдан асып, 26 орынға жайғасты. Енді елдегі ахуал. Өткен тәулікте мың жарымнан аса адамның коронавирусқа шалдыққаны белгілі болды. Министрліктің дерегінше ел аумағында COVID-19 жұқтырғандары саны 86 мыңнан асқан. 57 мыңдай адам емделіп шыққан. Өкінішке қарай, 793 науқас індет құрбанына айналды.

А. Данияр