$494.87 €520.65 ₽4.91
×

17 тамыздан бастап карантиндік режим жеңілдейді

AstanaTV
13.08.2020ж. 20:00
4048
17 тамыздан бастап карантиндік режим жеңілдейді

Тамыздың 17-нен бастап карантин режимі жеңілдетіледі. Келесі аптада көптеген мекемелер жұмысы жандануы тиіс. Мемлекеттік комиссия бүгін осындай шешім қабылдады. Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен өткен жиында, елде эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталып келе жатқандығы және короновирустық инфекцияға шалдығу дерегі 4-тен 0,5 пайызға түскендігі айтылды. Сондай-ақ бүкіл елдегі науқастардың 76 пайызы осы күнде жазылып шығыпты. Санитарлық жағдайдың жақсаруына байланысты комиссия мүшелері енді біртіндеп карантинді жеңілдетпек. Дүйсенбіден бастап елдегі сауда орталықтары, жабық базарлар, сұлулық салондары, бассейіні жоқ фитнес орталықтар мен моншалар ашылады. Бір шарт. Келіп кетушілер саны ғимарат толымдылығының 30 пайызынан аспауы керек. Яғни жабық мекемелерде 4 шаршы метрге бір адамнан болуы қажет. Дегенмен, мемлекеттік комиссия жұмыс берушілерге қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуді жалғастырсын деген кеңес берді. Ал, кинотеатр, тойхана және тағы басқа ойын-сауық орталықтары жұмысына шектеу әзірге алынбайды. Карантин толық аяқталғанша отбасылық мерекелер мен еске алу шараларына тиым сақталды. Медициналық бетперде тағып жүру бәрімізге міндеттеледі. Әсіресе адам көп шоғырланған жерде маска киіп жүру ортақ талап.

Д. Мұхаммедкәрім