$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қызылорда облысында инвестор мен халықтың арасында дау туды

AstanaTV
13.08.2020ж. 20:00
5768
Қызылорда облысында инвестор мен халықтың арасында дау туды

Ауыл халқы екіге бөлінді. Қызылорда облысы Асқар Тоқмағамбетов атындағы елді-мекеннің халқынан бүгінде береке қашқан. Оған ауыл іргесіне күріш еккен инвестордың, серіктестікке өзге адамды тағайындауы себеп болған.

Әбдімәлік ОСПАНҰЛЫ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзінің адамдарын бастық қылып сайлап, берекемізді алып кетті. Ол береке алған соң бөлініп жатыр ауыл деген. Өзіміз ұйыған ауыл едік мұның қалай болғанын түсінбей қалдық. Инвестор болып келген баста, енді менікі деп егеленіп тұр.

Бұл ауылда мың жарымға жуық үй бар. Олардың күнкөрісі осы жерге күріш егіп, нәпақа табу. Жергілікті 675 тұрғынның жері, аталған шаруашылық иелігіне берілген. Енді олар несібемізден қағыламыз ба деп қорқады. Өйткені инвестор өнімді толықтай жинап әкететінін хабарлаған.

Нұрруслан ҮМБЕТОВ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Өзіміздің маңдай терімізбен еккен күрішімізді өзіміз жинап алсақ па дейміз. Ал ол бізге өзіміз жинауға шама келтірмей жатыр. Өзім басып аламын дейді, мүлде ешнәрсе бермеймін дейді сендерге.

Ауыл әкімі болса, жеке шаруашылықтың жұмысына араласа алмайтындарын ашық айтты. Дегенмен ауылға облыстық жер инспекциясынан мамандар шақыртқан. 

Ғабдулла АЛДАНАЗАРОВ, А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

Облыс, аудандағы барлық басшылар біледі. Соған байланысты көптеген түсіндіру жұмыстары, келіссөз жүргізіліп жатыр. Біз жеке болған соң бұларға араласа алмаймыз. Бірақ заңдылығын түсіндіріп, облыстық жер инспекциясынан шақырдық.


Серіктестіктің жаңа басшысымен кездесудің сәті түспеді. Бірақ телефон арқылы тілдестік. Ол бұл мәселе қазір сотта қаралып жатқанын айтты.  

Бақытжан ЖАҚЫПОВ, "А.ТОҚМАҒАНБЕТОВ LTD" ЖШС ДИРЕКТОРЫ:


Мені уақытша ғана директор етіп сайлап тұр осы тұрғанда. Қазір аудит тексеріп жатыр, содан кейін бәрі белгілі болады. "Үлескер біздікі заңды, сот арқылы алсаңдар алыңдар" деп тұр. Енді бәрін сот шешеді.


Халық инвесторды сотқа берген. Оның кетуін талап етіп, бүгін жұмысқа да шықпапты. Дейтұрғанмен күрішке орақ түсетін күн де таяп қалды. Алайда ауылдағы түйіткілді мәселенің түйіні қашан тарқары белгісіз. Оған қоса егістіктің жайы да мәз емес.

Мөлдір ҚОЖАХМЕТОВА, ТІЛШІ:

Мына 300 гектарға жуық алқаптағы Сыр маржаны, су мен күтімнің жоқтығынан қурап, жер тозып тұр. Асқар Тоқмағанбетов ауылының бүгінгі ахуалы да осы секілді. «Айрандай ұйыған елден береке қашты» дейді халық.

М.Қожахметова