$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылды

AstanaTV
14.08.2020ж. 20:00
2016
"Бизнестің жол картасы" бағдарламасы тағы 5 жылға ұзартылды

Елде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бастағалы 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылған. 10 жыл ішінде бағдарлама арқылы 2,8 триллион теңгеге 16 мыңнан астам жоба мақұлданыпты. Бұл туралы «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі төрағасының орынбасары Рустам Қарағойшин мәлімдеді.  "Бизнестің жол картасы" 2020  жылға дейін жоспарланған еді. Сұраныс артқандықтан бағдарламаны тағы 5 жылға ұзарттық деп отыр. Рустам Қарағойшин шағын және орта бизнес үлесін 30 пайыздан 35 пайызға арттыруды көздейтінін жеткізді.

Рустам ҚАРАҒОЙШИН, «БӘЙТЕРЕК» ҰЛТТЫҚ БАСҚАРУШЫ ХОЛДИНГІ АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:


Біздің алдымызда кәсіпкерлер санын арттыру міндеті тұр. Біз бес жыл ішінде осындай үлкен серпінді күтудеміз, сондықтан кәсіпкерлерімізді жеке бизнесін ашу немесе дамыту үшін мемлекеттік қолдауға жүгінуден қорықпауға шақырамын.

Рустам Қарағойшин несие алуға кәсіпкерлердің кепілзаты жеткіліксіз болса, қор кепілдікті өз мойнына алатынын айтты. Қордан несие алғандардың бірі «Гидрострой Шымкент Групп» компаниясы. Кәсіпорын басшысы Олег Хаматов қуаттылықты күшейту үшін «Даму» қорына жеңілдетілген несие сұрап жүгініпті. Жоба мақұлданып,  қордың кепіл болуымен несие алған. Бұл компания шыны мозайкаларын өндіретін елдегі алғашқы және жалғыз серіктестік. Кәсіпорын басшысы құрылыс материалдары  көрші елдермен салыстырғанда әлдеқайда сапалы деп отыр. Мұнда түрлі-түсті жапсырмалардың 180 түрі әзірленеді. Карантин кезінде сұраныс баяулағанымен, шетелдік тұтынушылардан да ұсыныс түсіп жатқан көрінеді.

Олег ХАМАТОВ, КӘСІПКЕР:

Өнімнің өзге елдердегі тауардан айырмашылығы ыстық пен суыққа бірдей төзімді. Дұрыс жапсырылса елу жылға дейін мұртын бұзбай тұрады. Бағасы да қолжетімді 2,5 мыңнан 10 мың теңге шамасында. Цехты әрі қарай дамытуға бар күшімізді салып жатырмыз.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасына едәуір өзгерістер енгізілген. Субсидиялаудағы салалық шектеулер жойылыпты. Рустам Қарағойшин кредит сомасы 2,5 миллиардтан 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылғанын айтты. Ал оны өтеу мерзімі 5 жылға ұзартылды деп отыр. 

Ғ.Өтемісов